18 Қыркүйек 2015, 10:15
Моңғолиядағы қазақтадың тарихына қатысты деректер Абылай хан билік құрған кезімен тұспа-тұс келеді. Ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып жүрген қазақтар Алтай тауының теріскей беті – Қобда өңіріне 1751 жылдарды тұрақтап қалған.
Моңғолиядағы қазақ этникалық тобының қалыптасуы жайында тарих ғылымдарының докторы Хурметхан Мухамадиұлы былай деп жазады: «1905 жылы Алтай аймағы құрылған соң Алтай тауының күнгей, теріскей бетіндегі қазақтарды оған бағынатын болған. Қобда бетіндегі қазақтар сол жылдарда біршама уақыт берекелі өмір сүрді. Алтай, Қобда өңіріндегі халықаралық шиінелісті жағдай біршама саябырлаған шақта Қобда қазақтары “Жалама айдаған” деген ауыр оқиғаға душар болады. 1913 жылы шілдеде Қобда қазақтарының өкілдері Жавзандамба Боғда ханға хат жолдап, Сыртқы Моңғолия құрамына кіруге дайын екенін білдірді. Оған Сыртқы Моңғолия Ресей ықпалында болуы әсер етті. Сонымен қатар, 1914 жылғы қыркүйектің 8-інен 1915 жылғы маусымның 7-сіне дейінгі Ресей, Қытай мемлекеті, Сыртқы Моңғолия арасындағы келіссөзде, моңғолдар тарапынан кіргізген жобада «...қазақ... қатарлы жерлер Моңғолия шекарасына сиысады” - дегенді белгілеп кіргізеді. Сөйтіп, 1911-1921 жылдар аралығында Қобда бетіндегі қазақтар бейтарап қалып, іс жүзінде өзін-өзі биледі. Аса аумалы төкпелі осы дәуірде қазақ атқа мінерлері әрбір оқиғаға көзтігіп, өзінше қорытынды жасап, ұлттық, рулық биліктен айырылмауға тырысты.»
Моңғолияның батыс өңіріндегі, Қобда өлкесіндегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жайлы деректер Ресей саяхатшылары, тарихшы этнограф ғалымдары Г.Н.Потанин, Г.Е.Грумм-Гржимайло, А.М.Позднеев, В.В.Сапожников, сауда миссионері А.В.Бурдуковтың кейбір еңбектерімен күнделіктерінде жазылған.
Қазақстан Республикасы Елшілігінің нақтыланған мәліметтері бойынша, Моңғолияда 126 000-нан астам қазақтар тұрады. Ал, М.Тәтімовтың мәліметі бойынша Моңғолияда 157 000 қазақ тұрады. Ресми деректерге сәйкес Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи Отанына Моңғолиядан 83 000 қазақ көшіп келді. Кейіннен 12 000-нан астам қазақ Моңғолияға кері оралды. Ал, 70 278 адам Қазақстанда өзінің жаңа отанын тапты.
Дария Жұмалиева