1 Қазан 2014, 06:00
Мнемотехника – ақпаратты қабылдау мен оны есте сақтаудың әдістемелік жүйесі. Мнемотехника немесе мнемоника жатталуы керек ақпараттың орнын ойша реттеу, және ассоциация арқылы оларды бір-бірімен жалғау. Ақпараттарды орналастыру мен оларды байланыстыру үшін адамның ойлану (айрықша ойлану), қиялдау, назар салу қабілеттері қолданылады.
Мнемотехниканың құнды қасиеттерінің бірі онымен танысқаннан кейін оны бірден қолданып кете берсеңіз болады. Оның негізгі ілімін үйренсеңіз қатты ұзын емес сандар немесе сөздер тізбегін жаттай алу қабілетіне ие боласыз. Алайда, бұл қабілет кейде жаңа бастап келе жатқандарға кесірін тигізіп жатады. Мнемотехниканың тек бастапқы қадамдарын игерсе де, оның барлық егжей-тегжейлерін үйренген адамдай сезінеді. Алайда, қабілеттерінің ең керекті шақтарында қолдана алмай қалады. Себебі, жаңадан бастап келе жатқан көп адамға мнемотехниканың қолданыс тәжірибесі жетіспейді. Ассоциялау әдістерін білетін сияқты, бірақ ақпараттарды жаттай алмайды. Ондай жағдайлар болмас үшін жаттау тәсілдерін қолдануды тұрақты түрде жаттықтырып, әдет дәрежесіне дейін жеткізу керек.
Мнемотехника нені жасай алмайды? Бұл жүйенің парадокс туғызатын жері, мнемотехника – ақпаратты жаттауға көмектесетін жүйе, бірақ ол адам жадының жұмысын жақсарта алмайды. Әрине, ақпаратты қабылдау және мнемотехниканы қолдану кезінде адам жады жұмыс істейді сондықтан аз-маз жақсарады. Бірақ айтып кеткеніміздей, мнемотехника тек адамның қиялдау, назар аудару, ойлау қабілеттерін қолданады. Сол себепті, мнемотехникамен айналысуды бастағаннан кейін қысқа уақыт ішінде заттарды байқағыштық, айналысып жатқан жұмысыңызға зейін қою сияқты қасиеттеріңіз күшейіп, бірақ жадыңыздың аса жақсармағанын сезсеңіз, таңқалмаңыз.
Адам жадының айрықшалықтары
Адам негізінен өзіне байланысты және өзінде бар ақпаратқа байланысты заттарды тезірек жаттайды. Сол үшін, әртүрлі фактілерді бір жерге жинап, байланыстыру қажет. Ол байланыстар әртүрлі болуы мүмкін, ең бастысы олар сол адамға қатысты болуы керек. Мүмкін ол күлкілі оқиға болар, анекдот, тіпті ешқашан орындалмайтын ойдан шығарылған қиял болуы мүмкін. Ең бастысы – бұл байланыстар жаттаушы адам үшін жалпы фоннан ерекшеленіп тұруы, бірегей болуы тиіс.
Ассоциациялау әдісі
Жаттаудың бір түрі болып ассоциациялау әдісі есептеледі. Кейде бұл әдісті ассоциациялар тізбегінің әдісі, ассоциациялар байланысының әдісі немесе жаттаудың тізбекті әдісі деп те атайды. Бұл әдіс көбіне сөздер, сандар және даталар тізбегін жаттау үшін қолданылады. Мнемотехника әдісін қолдана білу орындар әдісі сияқты басқа да әдістерді қолдану білу қабілетін тудырады.
Ассоциацияларды қалай құрамыз?
Егер заттардың арасында байланыс болмаса, оны ойлап табу керек. Ол байланыс кез келген түрде болуы мүмкін: ертегілік, фантастикалық, абсурдтік немесе күлкілі. Байланысыңыз неғұрлым ерекше болса, ол заттарды тезірек жаттайсыз.
Мысал: Шатыр-Атты әскер – есіңізге атты әскерді алыңыз, олар үйдің шатырында шабуылға шығу дабылын күтіп отыр делік. Дабыл соғылады, адамдар үйдің шатырындағы кішкене терезеден сығылысып сыртқа шығып жатыр. Одан кейін жылқылар мысық іспеттес секіретін жеріне мұқият қарап алып, секіріп жатыр. Атты әскер орындарынан тұрып, ұрандатып шабуылға жөнеледі.
Шыны-Ешкілер – екі теке бір-біріне қарама-қарсы құйындай ұшып келеді. Араларында кішкене ғана қашықтық қалғанда бір-бірін зақымдап алмас үшін бір мейірімді адам екеуінің арасына шыны қойып қояды. Екі теке бастарын шыныға ұрып, жан-жаққа құлайды. Не болғанын түсінбей, екеуі кері бұрылып кетіп қалады.
Осындай принциппен жұмыс істей берсеңіз кез келген затты байланыстыра беруге болады. Ассоцицияңыз неғұрлым ерекше болса, соғұрлым өзіңізге жаттау оңайрақ болады.
Ассоциация әдісі арқылы жадыңызды жаттықтыру үшін сөз жаттау тапсырмаларын орындау қажет. Сіздің ойыңызша бұл жаттығудың ешқандай мәнісі де, пайдасы да болмауы мүмкін. «Қайдайғы жоқ сөздерді жаттау маған не береді?»- деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, бұл әдісті игеріп алғаннан кейін дүкеннен сатып алған заттарыңыздын атын, бір күнде жасалуы тиіс жұмыстардың тізімін, цитаталарды, рецепттерді еш қиындықсыз жаттай аласыз.