ӨМІРДЕРЕК

28 Тамыз 2014, 06:50

ӨМІРДЕРЕК

Менің туған жылым «мешін» 1872 жыл. Туған жерім Қостанай округі, Торғай ауданы, Тосын болысының Сарытүбек өңіріндегі 5-ауыл.

1882-1884 жылдары кейде үйдегі сауатты адамдардан, кейде кездейсоқ жақын маңайға келген ауылдық мектептерде қазақша сауаттылыққа үйрене бастадым.

1885 жылы біздің отбасы бақытсыздыққа душар болды: Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевті таяққа жыққаны үшін, əкемді түрмеге отырғызды, 1886 жылы 15 жылға жер аударуға (каторгіге жұмысқа) үкім шығарылып, ал дүние мүліктері тəркіленді.

Бұл бақытсыздық менің Торғай қаласына оқуға түсуіме себеп болды. Торғай екі сыныптық орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде 1886 жылдан 1891 жылға дейін оқыдым.

Аталған училищенің курсын бітіргеннен кейін, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебіне оқуға түстім, онда 1891-1895 жылға дейін оқыдым. Бұл мектепті бітіргендер 6 жыл мұғалім болып жұмыс істеуге міндетті.

1895 жылдың 1 маусымынан əр түрлі мектептерде: бірінші ауылдық, сосын болыстық, одан кейін екі сыныптық оқу мекемелерінде оқытушы болып жұмыс атқардым.

1901 жылдан бастап, оқытушылықтан қол босаған уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, əдебиетпен шұғылдандым.

1909 жылы Қарқаралы қаласындағы екі сыныптық училищенің меңгерушісі болып жүргенімде, Семей губернаторы Тройницкийдің өкімімен тұтқындап, Семей түрмесіне жібер- ді. Жандармның анықтауына дейін 1909 жылдың 1 шілдесінен 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сонда отырдым.

Түрмеден Қазақ облысының аумағында тұруға тыйым са- лынып, Ресейдің басқа губерниясында тұру құқымен босат- ты. Менің таңдауым Қазақстанға жақын орналасқан Орынбор қаласы болды, мұнда 1910 жылдың 10 наурызы күні келдім.

Орынборға келгеннен кейін ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі (фонетикалық) мен грамматикалық құры лымын (синтаксистік, морфологиялық) зерттеуге кірістім, екіншіден қазақ əліпбиі мен емлесін ретке салып (шрифті емес), жеңілдету жолында жұмыс жасадым. Үшіншіден, қазақ жазба жұмысын бөгде лексикалық кірме сөздерден тазартуға, синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға əрекеттендім. Төртіншіден, қазақ прозасын (іс қағаздары, көсемсөздік /публицистикалық/ жəне ғылыми тілін) жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтың сөйлеу тəжірибесіне икем- деу үшін, ғылыми терминдерді жасауға кірістім жəне стильдік өңдеу үлгілерін көрсетумен шұғылдандым. Мұның бəрі өзім басшылық жасайтын «Қазақ» газеті жəне өзім құрастырған оқулықтар арқылы жасалды.

Осы саладағы бағытты жұмысым 1918 жылға дейін жалғасты.

1918 жылдан, мен Оқулықтар құрастыру жөніндегі ко- миссияда Жалпы қазақ сиезінің 1917 жылы 5-19 желтоқсан аралығында Орынборда өткен сайлау шешімі бойынша жұмыс істеуім керек болатын, бірақ сол уақыттағы ахуалға байланысты бұл жұмыстарды жүргізуге мүмкіншілік болмады. 1918 жылдың басынан 1919 жылдың басына дейін «Алаш-Орда» ұлттық ұйымында жұмыс жасадым.

1919 жылдың екінші жартысынан 1920 жылдың соңына дейін Қазақ өлкесінің əскери-төңкерістік комитетінде комитет мүшесі болдым. 1920 жылы Бүкілодақтық атқару комитетінің орталығы (ВЦИК) жəне əскери-төңкерістік комитет мүшесі болып сайланғаннан кейін, өзімнің лингвистика- лық жұмыстарымды қайта қолға алдым. 1921 жылдан бастап лингвистикадан бөлек, Қазақстандағы жауапты  лауазымдарда жүріп, Оқу ағарту ісі жөніндегі бірінші халық комиссары ретінде, кейіннен орынбасары болып, сонан соң Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) төрағасы болып тағайындалғанда, біртіндеп оқу-педагогикалық жұмыстарына ден қойдым. Қазақ халық ағарту Комиссариаты жанындағы Ғылыми-əдеби комиссиясының төрағасы, кейін алқа мүшесі болдым. 1921- 1928 жылдар аралығында Халыққа білім беру қазақ институтында (КИНО) қазақ тілі, қазақ əдебиеті жəне қазақ мəдениеті пəндерінен дəріс оқыдым, мұнан басқа 1926 жылдан 1928 жылы ҚазМУ-ге ауысқанға дейін Ташкентегі Қазақ педагоги- ка институтының Қазақ тілі мен əдебиеті кафедрсында доцент болдым.

1928 жылдың 1 қазанынан Қазақ халық ағарту комис- сиариатының ұсынысымен Қазақ мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасына профессор лауазымына шақырылдым, аталған комиссариат тарапынан өте маңызды келісімім бар.

 

Қолы қойылған /Байтұрсынұлы/

12 мамыр 1929 жыл.

"Ел - шежіре"

Бөлісу: