Министрлік Алматыдағы дизель тапшылығына қатысты шешім қабылдады

7 Сәуір 2023, 19:23 3972

Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Petrosun» АҚ, АЖҚС ірі желілері («Helios», «Газпромнефть-Қазақстан», «PetroRetail» және «Sinooil») өкілдерінің қатысуымен Алматы облысын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

7 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы облысы бойынша дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады. АЖҚС желілерінің өкілдері атап өткендей, оларда бар дизель отынының қоры халықты іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сонымен қатар АЖҚС желілерінің ақпараты бойынша дизель отынына сұраныстың артуы байқалады (30%-дан астам), соның салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылуда. Шымкент МӨЗ жөндеуге тоқтауына байланысты өңірге мұнай өнімдерін жеткізу бойынша шектеулер болды.

Желілер басшылығы отынды көп тұтынатын аудандарға тиеп-жөнелтуді арттыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Атырау МӨЗ және Павлодар МГХЗ-дан 5000 тонна отын жолда бара жатыр, - делінген хабарламада.

7 сәуірде мұнай өнімдерін өндіру басталған Шымкент МӨЗ-де жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Өнімнің бірінші партиясы демалыс күндері жөнелтіледі деп жоспарлануда. Бұл ретте Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлерге бірінші кезекте жөнелту қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінетін болады.

EL.KZ
Бөлісу: