Үкіметтің баспасөз брифингінде көлік министрі жолдардың ортасын бөліп тұратын қоршауға қатысты қойылған БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кезінде ІІМ қалалар арасындағы жолдардың ортасын бөліп тұратын қоршау қойғанның арқасында жол апаты 70 пайызға азайғанын мәлімдеген еді.
Осы ретте тілшілер көлік министрі Марат Қарабаевтан: «Үлкен жолдардың бәрін қоршаумен бөліп тастауға болмай ма? Әлде бұған қаражат көп кете ме?» деп сұрады.
Министр жолдың арасын бөлу нормативке сай келмейтінін жеткізді.
Мысалы, екі жолақты жол болса, оның арасын бөлуге болмайды. Нормативке сәйкес келмейді. Бұл, керісінше, жүргізушілерге қолайсыздық тудырады. Нормативке сәйкес, бізде төрт жолақты жолдардың арасы міндетті түрде бөлінеді. Сондықтан төрт жолақты жолдардың қазір 25 мың шақырымы республикалық жол болса, соның ішінде 3 мың 200 шақырым төрт жолақты жол. Сарыағаштың айналмасы немесе Қарағанды мен Жезқазғанның арасы болсын, Қызылорда мен Сексеуілге дейінгі жолдардың барлығы жалпы мың шақырым болып саналады. Бұл жолдардың бәрі кезең-кезеңімен төрт жолақты жолға ауыстырылады. Сол төрт жолаққа ауыстыру барысында олардың ортасына жолдарды екіге бөлетін арнайы орнатқыштар қойылады, – деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ министр екі жолақты жолдар бойынша оны реттейтін басқа да түрлері барын айтты.
Ең алдымен жолдың жиегіне жануарлар шықпау үшін жолдың маңайын қоршап отырмыз. Оған әр жыл сайын көп ақша бөлініп, жануарлар шықпау үшін қоршап өткізіп жатырмыз. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз, – деді.
Министр жолдардың ортасын бөліп тұратын қоршау барлық жолда жоқ екенін айтты.