Министр TikTok арқылы үздік танылған мұғалімдерді марапаттады

31 Қаңтар, 13:18 886

Ғани Бейсембаев #Қазақстанмұғалімдері байқауының жеңімпаздарымен кездесіп, Алматы қаласы, Павлодар мен Жетісу облыстарынан келген үш педагогке соңғы үлгідегі смартфондар тарту етілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігі TikTok арқылы былтыр қараша айында #Қазақстанмұғалімдері немесе #УчителяКазахстана ортақ хэштегімен педагогтерге арналған креативті байқау өткізген еді. Онда педагогтерге пайдалы лайфхактардан бастап күнделікті ағартушылық қызметтен сторителлингтерге дейінгі роликтерді жариялау қажет болды.

Айта кету керек, биыл жоба одан да ауқымды болып, байқауға мектеп мұғалімдері де, колледж оқытушылары да қатыса алды. Барлығы #Қазақстанмұғалімдері және #УчителяКазахстана жобасының ресми хэштегтері бойынша қаралым саны 800 миллионнан асты, - делінген ведомство мәліметінде.

Байқау қорытындысы бойынша «TikTok 2023 мұғалімі» номинациясы бойынша Алматылық физика пәні мұғалімі Хайдар Мырзахметов @neverhaid, «Мұғалім-жаңалық» номинациясы бойынша – Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Достық ауылының 30 жылдан астам еңбек өтілі бар орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, педагог-зерттеуші Ботагоз Омарова @Botagozomarova2, ал «Үздік бейнеролик» номинациясында Павлодарлық жас бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Игорь Гноевой @igor.andreewich жеңімпаз атанды.

Өзімнің бейнероликтерімде мамандығымыздың қаншалықты маңызды екенін, ең бастысы, балалармен ортақ тіл таба білу қажеттілігін көрсеткім келді. Өйткені балалардың белгілі бір пәнге қызығуы сабақтың, тапсырмалардың қызықты берілуіне байланысты, - деді павлодарлық мұғалім.

Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен TikTok өкілдері құттықтап, бағалы смартфондар мен алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ жоба жеңімпаздары министрліктің жаңа жобаларына шақырту алды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: