Министр шетелдік инвесторларды инвестиция салуға шақырды

22 Қаңтар 2023, 01:23 884

АШМ басшысы Берлиндегі халықаралық көрмеге қатысқан

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев шетелдік инвесторларды елімізге инвестиция салуға шақырды, деп хабарлайды El.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Қарашөкеев Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық форумға (GFFA) және Берлиндегі «Жасыл апта-2023» халықаралық көрмесіне қатысушыларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін одан әрі арттырып,  әлемдегі азық-түлік жағдайын тұрақтандыру мен жақсартудағы өз рөлін нығайтуға дайын екенін айтты.

Ербол Қарашөкеев ГФР Ауыл шаруашылығы федералды министрі Джем Өздемирмен ккздесуінде Қазақстан мен Германия арасындағы аграрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар министр ГФР АШМ мемлекеттік хатшысы Сильвия Бендермен бірқатар кооперациялық жобалардың іске асырылу барысын егжей-тегжейлі талқылады, оның ішінде «аграрлық-саяси диалог» және «сүт өндіру саласындағы құзыреттерді арттыру» жобаларын ұзарту мәселелері қозғалды. Тараптар сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын техникалық жаңғыртуға елеулі серпін берген Солтүстік Қазақстан облысында КЛААС зауытының іске қосылуын ынтымақтастықтың жарқын мысалы ретінде атап өтті.

Польшаның вице-премьері - Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды министрі Генрик Ковальчикпен кездесуде бірлескен кәсіпорындар құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді кеңейту үшін басым бағыттар айқындалды. Е. Қарашөкеев поляк инвесторларын ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге және қант өндіруге тартуға ерекше назар аударды. Бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық және поляк ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Тараптар екі елдің ветеринариялық қызметтерінің өзара іс-қимылын жандандыру туралы уағдаласты.

Е. Қарашөкеев өзбек әріптесі Азиз Воитовпен әңгімесінде тараптар өзара сауданы ұлғайту және АӨК саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын орындау мәселесін талқылады.

Қазақстандық министр бидай, ұн, ет, күнбағыс майы, картоп және т. б. бойынша бірлескен болжамды теңгерімді тезірек қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ, қазақстандық ұн мен астық транзитіне тариф белгілеу, ауыл шаруашылығы компанияларын ветеринариялық қызмет бақылауындағы тауарларды өндіру, қайта өңдеу және сақтау тізілімдеріне енгізудің жеделдетілген тәртібі сияқты салаларда бизнес үшін тепе-тең негізде жағдайларды екі жақты жақсарту мәселелері қозғалды.

Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармспен кездесуде ҚР АШМ басшысы аграрлық саланы одан әрі дамыту жоспарлары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары және республиканың инвестициялық ахуалы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы АӨК-дегі еңбек өнімділігін 5 жыл ішінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Қазіргі уақытта АШМ «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ-мен және әкімдіктермен бірлесіп жалпы сомасы 3,6 млрд АҚШ долларын құрайтын шетелдік инвесторлардың қатысуымен АӨК саласындағы 38 жобаны сүймелдеп жатыр.

«Bayer» көпсалалы Химия-фармацевтикалық корпорациясының вице-президенті Макс Мюллермен келіссөздер барысында оның қазақстандық нарықтағы қызметін кеңейту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстанда өсімдіктерді қорғаудың және тұқым шаруашылығын дамытудың сапалы құралдарын өндіруді жолға қою саласындағы үлкен әлеуеті бары атап өтілді.

Сондай-ақ АШМ басшысы «Шығыс Еуропа және Орталық Азия жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне үлесі» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. Ербол Қарашөкеев 2022 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың алдын ала қорытындылары, мемлекеттің инвестициялық қолдауы, сондай-ақ ағымдағы жылға жоспарланған АӨК жаңғырту туралы айтып берді.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық форум (GFFA) - Берлинде жыл сайын өтетін халықаралық конференция, ол ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері бойынша әлемдегі жетекші жоғары деңгейлі диалог алаңы ретінде танылды. Оның жұмысына әлемнің әртүрлі елдерінен 70-тен астам министр, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысады.

EL.KZ
Бөлісу: