Министр шалғай елді мекендерден келген мұғалімдермен кездесті

25 Тамыз 2023, 02:30 880

NIS Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» ІІ республикалық форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев шалғай елді мекендерден келген мұғалімдермен кездесті.

Бейресми басқосуда ауыл мектептерінің жас ұстаздары министрге білім саласына қатысты сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Министр мұғалім мамандығы ең қажетті әрі мәртебелі мамандық екенін атап өтті. 

«Ұстазы жақсының - ұстанымы жақсы» дейді дана халқымыз. Ұстаздық жолды аңсап, сол салада адал қызмет етуді таңдаған Сіздерге алғысымды  білдіремін. Алдарыңыздағы үлкен асуларды меңгеріп, еліміздің білім саласының қарқынды дамуына зор үлес қосатындарыңа сенімдімін», - деді министр.

Министрліктің жас ауыл мұғалімдеріне арналған «Болашақ» тағылымдама бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқаны туралы хабарды кездесуге қатысушылар зор қошеметпен қабылдады. Сондай-ақ шалғай ауылдарда жұмыс істейтін мұғалімдерге халықаралық платформаларда жұмыс істеуге жағдай жасалады. Биылдан бастап ауыл мектептері мен шағын жинақты білім беру ұйымдарын қолдау бойынша пилоттық жоба іске қосылады.

Екі күн бойы жас мұғалімдер кәсіби алаңда тиімді жоспарлау, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, эмоционалдық интеллектті дамыту сияқты тақырыптар бойынша білім алады. 

Мұндағы мақсат – түрлі сала мамандарымен осындай кездесулер ұйымдастыру арқылы жас ұстаздардың ынтасын арттыру. НЗМ-мен ұйымдастырылған республикалық форум ертең де жалғасын тауып, жас ұстаздар тәжірибелік алаңдарда жұмыс істейді.

Берік Арманов
Бөлісу: