Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Қазақстанның Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесудің негізгі тақырыбы вакцинациялау және ағза донорлығы мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру мәселелері болды.
Әңгімелесу барысында Денсаулық сақтау министрі вакцинациялау еліміздің денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Алайда, соңғы жылдары Қазақстанда да, бүкіл әлемде де екпе алудан бас тарту үрдісі өсуде, бұл иммунизацияланбаған адамдар санының артуына және егілмеген азаматтардың арасында инфекциялық аурулардың өршуін тіркеуге ықпал етеді.
Инфекциялық аурулардан және олардың ықтимал зардаптарынан қорғайтын профилактикалық екпелерден бас тарту балалардың денсаулығына қауіп төндіреді, — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Министр сонымен қатар вакцинациядан бас тартудың басты себептерінің бірі ата-аналардың діни сенімдерінің әсері екенін атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр. Осы ынтымақтастық шеңберінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен вакцинациялаудан бас тартуға әсер ететін діни факторларды анықтау, сондай-ақ байланыс олқылықтарын және вакцинациялауға кедергі келтіретін басқа да ықтимал факторларды зерделеу үшін зерттеу жүргізіледі.
Соңғы 10 жылдың ішінде республикада трансплантология саласында әлемдік стандарттар деңгейіне айтарлықтай прогресс жасалды. Еліміздің әрбір азаматына ағзаларды трансплантаттау бойынша ең күрделі қымбат операциялар қолжетімді болды, трансплантаттаудан кейін пациенттер өмір бойы терапияны мемлекеттің есебінен тегін алады.
Медициналық көмектің осындай деңгейін қамтамасыз ету үшін елде 7 трансплантаттау орталығының жұмысын үйлестіретін бейінді республикалық орталық, қайтыс болғаннан кейін донорды дайындау үшін медициналық қызмет көрсететін 40-тан астам донорлық ұйым, сондай-ақ 5 өңірде донор мен реципиенттің иммунологиялық үйлесімділігі айқындалатын типологиялық зертханалар жұмыс істейді, деп хабарлады ведомство басшысы.
Алайда, қызметтің қол жеткізілген әлеуетіне қарамастан, бүгінде донорлық ағзаларды трансплантаттауды күту парағында 4117 адам, оның ішінде 96 бала бар.
Соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанда ағзаларды трансплантаттау бойынша 1005 операция жүргізілді, онда трансплантациялардың 92,1%-ы тірі адамдардың ағзаларының, 7,9%-ы кадаврлардан жасалған.
Министр діни қызметкерлерге арнаған сөзінде жергілікті қауымдастықтардың арасында, мешіттерде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселелерін түсіндіруде діни көшбасшылардың рөлін атап өтті, бұл адамдарға саналы және жауапты шешім қабылдауға көмектеседі.
Әлемде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуда Испания көшбасшы болып табылады, 1 миллион адамға шаққандағы көрсеткіш 49,38-ді құрады, бұрынғы ТМД мемлекеттерінен Беларусь Республикасы -25,26-ны, Иран (мұсылман мемлекеті) -12,57-ні, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жаһандық Қорының есептеулері бойынша бұл көрсеткіш Қазақстанда небәрі 0,36-ды құрайды.