Министр Ғани Бейсембаев Ақмола мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

1 Қыркүйек, 01:30 668

Білім күні қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани  Бейсембаев пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі жаңа мектептерде болып, білім беру ұйымдарының алдағы оқу жылына дайындығын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Қосшы қаласында оқушылар саны 11 мыңнан асты. 2024-2025 оқу жылында мұнда 1200 орындық №4 жалпы білім беретін мектеп ашылады.

Үш қабатты заманауи ғимаратта білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте 48 пәндік кабинет, кітапхана, металл және ағаш өңдеу шеберханалары, тігін шеберханасы, ас үй жабдықталған. Сондай-ақ, 2 спорт залы, салтанат залы, кең асхана және медициналық кабинет бар. Жаңа оқу жылында 500-ден астам оқушы осы мектептің табалдырығын аттамақ, оларды 35 педагог оқытатын болады.

Жоба облыстық бюджет есебінен «ФБК ДЕЛО» ЖШС мердігерлік ұйымымен іске асырылды. 

Әкімдіктің мәліметінше, аймақ басшысы мен министр мұғалімдер ұжымымен кездесті. Оларды жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі. Бұдан өзге өңір басшысы мен Оқу-ағарту министрі Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылындағы мектепке барды.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында облыста 3 мектеп ашылады. Оның 2-уі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынды. Сонымен қатар жыл соңына дейін 11 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда, оның 7-уі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған. 

Перизат Саденова
Бөлісу: