Министр: Балаларды оқыту мен тәрбиелеуде ортақ жауапкершілік болуы керек

7 Желтоқсан, 06:18 439

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ата-аналар комитетінің өкілдеріне арналған «Балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі: ата-ана мен мектептің бірлескен жауапкершілігі» семинар-тренингіне қатысты. Оған еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық ата-ана жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Министр ата-аналарды балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге шақырды және ата-ана мен мектептің ынтымақтастығын арттыру, ата-аналар комитеттерінің рөлін нығайтудың маңыздылығына тоқталды. 

Балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесінде ортақ жауапкершілік болуы керек - бұл біз ұмтылуымыз керек негізгі құндылық. Ол ең алдымен ата-ананың басты жауапкершілігінде, мемлекет пен мектеп тарапынан оларға қолдау көрсетіп, әрбір баланың жан-жақты дамуына жағдай жасауда. Тәрбие отбасынан басталатынын есте ұстаған жөн. Ата-ана ұстазға деген құрметтің үлгісін көрсетуі керек, өйткені бала ата-анасының айнасы, – деді еліміздің бас ұстазы.

Министрдің айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдығы. Бұл бағытта ауқымды шаралар атқарылуда. Бес жылда елімізде 1 млн оқушы орнына арналған 1 мыңнан астам мектеп ашылды. Алғаш рет өткен жылдан бастап 1,7 миллионнан астам бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар тегін тамақпен қамтылды.

Мемлекет балалар үшін қауіпсіз және эргономикалық білім ортасын құруды жалғастыруда. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен қалалар мен шалғайдағы ауылдарды да қамтитын «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы іске асырылуда. Өткен жылдан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, оның аясында балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік құзыреттілігін арттыруға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды, – деді Ғани Бейсембаев.   

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұл семинар-тренинг «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Тәрбие жұмысы бойынша негізгі төрт тақырыпқа бөлінген дискуссиялық алаңдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақстандық суретші Аңсаған Мұстафаның тақырыптық көрмесі өтіп, ата-аналарға қазіргі заман жағдайында балалармен эмоционалды байланыс орнату тәсілдері, жанжалдарды еңсеру және отбасы мен мектепте сенімді атмосфера құру бойынша әдістемелік құралдар ұсынылды.

Зарина Арман
Бөлісу: