Әлемді жаулап алған Facebook әлеуметтік желісін ойлап тапқан Марк Цукерберг Америкада қарапайым еврей отбасында дүниеге келген. Ата-анасының Маркке 10 жасында компьютер сыйлауы Марктың ғана емес, сонымен қатар миллиардтаған адамның өмірін түбегейлі өзгертті. Осылайша оқушы Марк бағдарламаудың негіздерін үйреніп, Microsoft және AOL компанияларында жұмыс істеуге ұсыныс алды.
Қазіргі таңда Марк Цукерберг - миллиардтан астам доллар тапқан әлемдегі ең жас адамдардың бірі. Оның мұндай жетістікке жетуіне әкесі мен анасы Эдвард пен Карен Цукербергтің берген тәлім-тәрбиесі әсер еткені анық. Эдвард Цукерберг әлемдегі ең бай адамды тәрбиелеу үшін қандай қағидаларды ұстанғаны белгілі болды. Әкесінің ізін жалғап, Марк Цукерберг те бала тәрбиелеуде әкесі ұстанған ережелерді негізге алатынын айтқан.
Таяқтың екі ұшы бар. Бір жағынан ата-ананың нұсқауы, тәртібі мен беделі, екінші жағынан балалардың ойын-сауықтары, ойындары мен көңілді уақыттары. Баланың ойынға да, оқуға да уақытын бөліп, дұрыс тепе-теңдікті табу және шекараны белгілеу - ата-ананың міндеті. Сонымен қатар, бір сәтте қатал және әділ бола білу маңызды. Ата-ананың амбициясы балаларының шытырманға толы балалық шағына кедергі жасамауы керек.
Марк Цукербергтің үш қызы бар: 2015 жылы туған Максима және 2017 жылы Августа есімді қызы өмірге келді. 2023 жылы үшінші қызы дүние есігін ашты. Оған Аурелия деп ат қойды. Әлеуметтік желідегі қыздардың ата-анасымен бірге түскен суреттерінен олардың ата-аналасына деген сүйіспеншілікті бірден байқауға болады. Олар жиі бірге уақыт өткізеді, ресми іс-шараларға қатысқанда қыздары өздерін ортаға сай лайықты ұстай біледі.
«Мен айтатын ең жақсы кеңестердің бірі - әйелім екеуміздің әрқашан балаларымызға сенім білдіргеніміз туралы. Балаларға өз пікіріңізді таңуға және олардың өмірін белгілі бір бағытқа бағыттауға тырыспаңыз. Оның орнына олардың қандай қабілеті бар екенін, қай салада мықты екенін анықтап, хоббиін дамытуға тырысыңыз», - дейді Эдвард Цукерберг. Марк Цукербергтің әкесі оның компьютерге деген қызығушылығын оятып, оның қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді. «Үй тапсырмасын орындаудан жалығып кететін. Сондықтан мен ұлыма үйдің әр түкпіріндегі адамдарға компьютер арқылы бір-бірімен байланысуға мүмкіндік беретін алғашқы жедел хабар алмасу бағдарламасын жасауға рұқсат бердім», - дейді миллиардердің әкесі Los Angeles Times газетіне берген сұхбатында. Ал жасаған бағдарламасына әзілдеп ZuckNet деп атау берген.
Марк пен оның әйелі Присцилла Чан ең жақсы білім бағдарламаларын таңдап, балалардың білім алуы үшін жағдай жасайды. Олардың болашақ мұрагерлері жекеменшік мектептерге барып, үйде дайындалады. Әкесі үш жасынан бастап қыздарының қабілеті мен бейімділігін ескере отырып, бағдарламалауды үйретеді.
Марк Цукербертің әкесі мен анасы ұлының жетістіктеріне қуанып, әр қадамын мақтап, жігерлендірген. Олар баласы туралы үнемі жақсы сөздер айтып, оның болмысының мықты жақтарын көп айтып, назар аударған. Ал жасөспірім кезіндегі көпшіліктің ортасында ұялу сияқты «әлсіз» тұстары үшін сын айтпаған. Әлеуметтік желіде Марк қыздарының түрлі салалардағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеді. Дегенмен, мақтанудың да жөн-жосығы барын естен шығармайды.
Марктың отбасы жұмыстан басқа әркім өз хоббиіне уақыт бөлуі керек деп санайды. Сондықтан балалардың мектептегі сабағынан бөлек қызықты істерге уақыт бөлуіне, көп ойнауына және көңіл көтеруінее мүмкіндік берген жөн деп есептейді. «Білім беруде кез келген шектеудің пайдасы жоқ деп ойлаймын. Балалар жан-жақты дамуы керек. Оларды әртүрлі ойындарға қызықтырып, сол арқылы ойлау жүйесін дамытуға болады», - дейді Эдвард Цукерберг.
Марк Цукербергтің қыздарының иті бар. Сондай-ақ Марк қыздарымен бірге байдаркаға, содан кейін кемпингке барады, онда қыздар жартасқа өрмелейді. Ата-анасы олар үшін көңілді ойындар ұйымдастырады, мысалы, балалар суперқаһарның костюмдерін киіп, жарысқа қатысқан.
Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау және оған басымдық беру қажет. Сонымен қатар, жұмысбасты адамдардың үйде мүмкіндігінше көп уақыт өткізгені дұрыс. "Біздің жағдайымыз ерекше болды, өйткені кеңсе біздің үйдің ғимаратында орналасқан. Егер кәсібіңізде сондай мүмкіндік туса, мен бәріне осылай жасауға кеңес беремін. Бұл сізге балаларыңызбен уақыт өткізіп, жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Цукербергтің әкесі. Ал Марк Цукербергтің өзі әйелімен бірге жаңа туған нәрестелерге күтім жасау жауапкершілігін бөлісу үшін екі рет декреттік демалысқа шықты. Сондай-ақ, ата-аналарының қандай жұмыс істейтінін көру үшін балаларды үнемі кеңсеге немесе кездесулерге апарған абзал. Кейде ерлі-зайыптылар балаларына көбірек уақыт бөлуге тырысып, кеңсеге бармай, үйінде жұмыс істейді.
Мамандықты дұрыс таңдау мен отбасының қолдауы Эдвардқа жалдамалы жұмысшы болмай, өз кеңсесін ашуға мүмкіндік берді. Мұндай мүмкіндік оның балаларына жағдай жасауына жол ашқан. Ол баласының қабілеттерін ұштап, өз жұмысымен және техникалық жаңалықтарымен таныстырды. «Менің балаларымның кеңседе өз компьютерлері болатын. Компьютермен ерте жастан танысудың пайдасы зор. Осы жерден Марктың технологияға деген қызығушылығы оянды», - дейді әкесі.
Отбасылық қолдаусыз және қаржылық «қауіпсіздік жастығы» болмаса, кәсіпкер болу қиын. Сені қандай сәтсіздік күтіп тұрғанын алдын ала біле алмайсың және қандай қиындық болмасын қолдауды сезіну маңызды. Себебі, қиындыққа төтеп бере алмағанда күйзеліс пен стресстен зардап шегесің. Марктың әкесінің өз арманын жүзеге асыруға мүмкіндігі болмады, сондықтан ол ата-анасының кеңесіне құлақ асқан. Бірақ Марктің әкесі балаларына бастапқы капиталды қамтамасыз етіп, олардың керемет жетістікке жетуіне көмектесті. Ресми деректер бойынша, Цукерберг компаниясының қаражаты толығымен дерлік қайырымдылық қорына өтетініне қарамастан, оның қыздары қажетті жағдаймен қамтылады дейді сарапшылар.
Марк Цукерберг ұлты мен мәдениеті бөлек адамды өмірлік серік ретінде таңдап, өзінің көзқарасымен, ұстанымдарымен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қытайлық имигранттардың қызы Присцилла Чан - ортасында белсенді және мақсатына жете білетін әйел. Сондай-ақ ол балаларына ең жақсысын беруге талпынатын өте талапшыл әйел. Олар алғаш кездесе бастағанда Маркқа бірқатар шарт қойған. Талаптарының ішіндегі ең бастысы - апта сайынғы кездесуге уақыт таба білу. Ерлі-зайыптылар осы ережені бүгінгі күнге дейін ұстанады. Осылайша Присцилла Цукерберг отбасындағы тәрбиеге ықпал етеді.
Марк қытай тілінің әртүрлі диалекттерін үйреніп, қыздарына ұйықтар алдында ертегілер мен дұға оқиды. Әртүрлі мәдениеттердің араласуы балаларды құндылықтарға ашық болуға, құрметтеуге және олардың өміріндегі саналуан түсінікті ұғынуға үйретеді.
Присцилла қатал тәртіппен тәрбиелейтін отбасында өскен. Сондықтан қыздары үшін үй шаруасын басқа адамдар жасап бермейді. Өздеріне тиісті үй жұмыстары бар. Еске сала кетейік, қыздарының ыдыс-аяқ жуып жатқан видеосы ғаламторды дүр сілкіндірді, бірақ бұл бір реттік акция емес екені белгілі болды. Присцилла Чанның таныстары оның үй шаруасын орындауды басқалардан да талап ететінін айтады.
Цукербергтің киетін футболкалары жүздеген доллар тұрады деп айтылғанымен, оның әйелі мен балалары қарапайым киінеді. Олар қымбат брендтік заттарды кимейді. Цукербергтің әйелі өзіне ұнаған 600 долларлық аяқ киімді қалай сатып алмағаны туралы әңгіме желіде таралған еді. Миллиардердің әйелі ол аяқ киімнің бағасын тым жоғары санап, арзанырақ нұсқаны қарастырған.
Цукербергтің онлайн платформалары балалардың психикасына кері әсерін тигізетіні туралы зерттеулер жүргізілген. Оған қарамастан миллиардер өзінің ықпалын одан әрі күшейтуді – балаларға арналған әлеуметтік желінің жеке нұсқасын жасауды ойға алған болатын. АҚШ Конгресі бұл жаңалыққа үзілді-кесілді қарсы болды. Ал Цукербергтер балалардың желіде қалай уақыт өткізетіні ата-аналарының жауапкершілігінде екенін мәлімдеді. Ерлі-зайыптылар қыздарын соңғы технологияларды пайдалана отырып, білім мен дамуға бағыттап, оларды жағымсыз контенттен қорғап, қай интернет-ресурстарға кіретінін қатаң қадағалайды. «Мен балаларыма әлеуметтік желіні ата-анаммен байланысу үшін пайдалануға рұқсат етемін, осылайша олар елдің түкпір-түкпірінде тұратын ата-әжелерімен және туыстарымен оңай байланыста болады», - деп жауап берді Цукерберг.