Милина Вавулиди: қазақ халқы көптеген этностарды құтқарып, тарихи ерлік жасады

25 Маусым 2019, 18:16 3347

Үстіміздегі жылдың сәуір айының соңғы күндерінде елорда Астана қаласының төріндегі Келісім және бейбітшілік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өткен болатын.

Сонда Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеген болашақ журналист, грек ұлтының өкілі Милина Вавулиди Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің дамуына өзіндік үлесін қосып жүргенін жеткізген болатын. 


Ең басты жаңалық – ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту жолындағы бұқаралық ақпарат қызметтерінің рөлі туралы дипломдық жұмысын қорғамақшы екен. Ал қазір Милина Қазақ халқына деген шексіз алғысы мен ыстық ықыласын мына жолдар арқылы жеткізіп отыр:

Қазақстанның ең басты мақтанышы мен байлығы – айрандай ұйып отырған біртұтас 18 миллион халқы. 

Мен киелі Қазақ жерінде туып-өскен грек қызымын. Мектепте орыс педагогынан француз тілінен дәріс алдым. Менің пікірімше, осының барлығы, түптеп келгенде, ерте жастан адамды тұлға ретінде қалыптастыратын алғышарттардың бірі болып саналады. Біз, қазақстандықтар, басқа қиындық, ауыртпалық түскенде бір-бірімізге қол ұшын беріп, бейбіт өмірді бағалай білген, бақытты сәттерді бір үйдің баласындай бірге бастан кешкен данагөй халықпыз. 


Осы елде туып, оның азаматы болып қана қою – аздық етеді. Мұнда өмір сүруге лайықты жан екеніңді дәлелдей білуің қажет. Әлем картасынан 125 ұлттың өкілі бір үлкен отбасындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан елді табу қиын болар, сірә. 

Алайда Қазақстан әрбір азаматтың құқықтары мен құндылықтары бағаланатынын, халықтың бірлігі толыққанды сақталатынын бүкіл әлемге дәлелдеп берді. Біздің елде көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу – парыз. Ешкім ешқашан қайғысымен оңаша жалғыз қалған емес, әркез басқа ауыртпалық төне қалған кезде жұмыла кетіп, шешуге тырысқан. 

Сайып келгенде, біздің халқымыздың сана-сезімі жекелік емес, ұжымдық болып келеді. Әлемде әркім өз жеке мәселесімен басы қатып, елінің қамын ойлауға мұршасы тимей жүргенде Қазақ елі бүкіл әлемге асқан ауызбіршілік пен татулықтың тамаша үлгісін танытуда. 


Біздің халқымыз өзінің әлеуметтік жағдайына, деңгейіне бөлінбей, әркез көмекке келуге дайын тұрады және сол жасаған жақсылығын жарапазан айтып, біреудің назарын аудару үшін жасаған емес. Біз сәби кезімізден бойымызға ана сүтімен адамгершілік және рухани құндылықтарды сіңіріп өстік. Біз солай тәрбиелендік. 

Міне, сондықтан да болар біз тарихтың әр кезеңінде ел басына күн туған заманда, қандай қиындық болмасын, жеңе білдік. Себебі біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірлікте болдық. Біздің ұлы гуманизм мен адамсүйгіштік дәстүрлеріміз бүгінгі таңда Қазақстан халқының біртұтас болып қалыптасуының негізіне айналып отыр. 

Біз ешкімді ұлт, дін нәсіліне бөліп-жарған емеспіз. Біз – Қазақстан халқымыз және бұл біздің ортақ мақтанышымыз, абыройымыз, баға жетпес байлығымыз. Қазақ халқы көптеген этностарды құтқарып, тарихи ерлік жасады. Саяси қуғын-сүргін жылдарында танымайтын бөтен адамдармен соңғы нанымен бөлісіп, жатсынбай, туған-туысқандарындай араласып, төрінен ойып тұрып орын берді. 


Біз этносаралық келісімде, бейбіт аспан астында келісім мен тұрақтылықта ғұмыр кешіп жатқанымызды мақтан тұта алатындай дәрежеге жеттік. Біз ешқашан да ұлттар арасында іріткі салып, арандатушылыққа жол берген емеспіз. 

Біздің Ұлы еліміздің басты байлығы мен қадір-қасиеті – туған елін жан-тәнімен сүйетін азаматтар. Мен осы ұлы халықтың бір бөлігі болып жаратылғанымды үлкен бақытқа теңер едім, – деп ойын қорытты «Жаңғыру жолы» ҚХА РЖҚ мүшесі», Қазақстанның грек қоғамдастығы қауымдастығының мүшесі Милина Вавулиди.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: