Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!

10 Тамыз 2020, 18:29 6427

Елордада «Абай: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн конференция өтті

Қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына және 10 тамызда атап өтілетін жаңа мереке «Абай күніне» орайластырылған «Абай: тарих және қазіргі заман» ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің конференциясына ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы Айгүл Сәдуақасова сондай-ақ Түркия, Өзбекстан және т.б. мемлекеттерінен абайтанушы-ғалымдар мен тарихшылар және зиялы қауым өкілдері қатысқан болатын.


«Абай күллі түркі халқына үлгі көрсетті»

Халықаралық онлайн конференцияда Түркияның Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирай «Абайдың түркі әлеміндегі орны және Түркияда Абайға қатысты атқарылған жұмыстар» тақырыбында әңгіме өрбітті.

– Қазақтың бас ақыны Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мұндай конференциялардың өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол деуге болады. Ұлы ақынның пікірінше, адам – ең құрметті жаратылыс. Ол қоғамға, ұлтқа, барша адамзатқа пайдалы жұмыстар жасау арқылы еңбекқор, кішіпейіл болуға шақырады. Абай өзінің ұлы Әбдірахманның тұлғасында түрік жастарына өзінің ақыл-кеңесін былайша жеткізеді: «Ақыл-ойы бар парасатты адам болыңыз. Ғылымға жол ашыңыз. Еңбекқор болыңыз. Кішіпейіл және жақсы адам болыңыз дейді, - деген Нергиз Бирай хәкім Абайдың ұлт тәрбиесі турасындағы еңбектерінен мысалдар келтірді.

Күллі әлемді мойындатқан Абай Пушкин, Крылов, Белинский сынды орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тілінде сөйлетті. Бүгінде қазақ жазба әдебиетінің негізі салушы Хәкім Абайдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне үздіксіз аударылып келеді.

– Абай өткен уақыттан бүгінге дейін жасаған мәдени кодтарымызды орыс және батыс мәдениеттерімен байланыстырса да, өзгерместен осы күнге дейін жетті. Ол өзінің ұлттық болмысын жоғалтпай, қазіргі уақытқа дейін жеткізгені баршамызға мәлім. Бүгінгі таңда Түркияда Абай туралы көптеген мақалалар мен еңбектер жазылды. Оның өлеңдері мен қара сөздері түрік тіліне аударылған. Сондай-ақ, Абайдың идеяларын философиялық тұрғыда қарастыра отырып, жүздеген мақалалар жазылды, - деп сөзін түйіндеді Нергиз Бирай.


«Абай мұрасы қазақ халқының бүгінгі ұлттық игілігі»

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дүкенбаева Зада Оразғалиқызы «Абай ұлт мақтанышы» тақырыбында баяндама жасады.

– Құрметті бүгінгі «Абай: Тарих және қазіргі заман» атты халықаралық конференциясына қатысушы қадірменді зиялы қауым. Абай бір ғана қазаққа ғана емес, барша түркі тілдес елдерге ортақ тұлға. Абайдың «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөзінің астарында үлкен бір ғылыми ой жатыр. Абай адамды ең алдымен өзін-өзі тану мен түсінуге шақырады. Абай – ұлт мақтанышы. Абай мұрасы қазақ халқының бүгінгі ұлттық игілігі. Бүгінде өзіміз үшін де, өзгелер үшін де, қазақ пен Абай бір ұғымға айналған. Яғни бұл тарихи аспекті деп айтуға болады, - деді Зада Дүкенбаева.

Абайдың әр сөзінен кез-келген адам ғибрат ала алады. Расында, қанша уақыт өтсе де, Абайдың үні, Абайдың лебі ескірмейді.

– Абаймен бір ғана ұлт мақтанып қойған жоқ... Бұған бүгінгі осы конференцияға қатысушы әлемдік деңгейдегі ғалымдар   дәлел бола алады. Жалпы біз Абайды мыңдаған жылдар бойы зерттей береміз. Қорыта айтар болсақ, қазақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген мақал бар. Абай мыңнан озып шыққан тұлпар. Абайлар мың жылда бір дүниеге келеді. Абай – таудай тұлға. Абай – сахарадай шежіре. Абай –    сегіз қырлы бір сырлы. Сондықтан бүгінгі күні Абай әр қазақтың сөзі, аузындағы жыры болуы керек, - дейді тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаева.

Ұлы Абайдың даралығы мен оның мұрасын айтыскер ақын Қойлыбай Асан бір ғана өлең шумағына былайша сыйдырған болатын:

Қазаққа ең жаманға надан болу,

Надан болып, басқаға бодан болу.

Ақын болу әркімге арман шығар,

Абай болу, алдымен адам болу» деген екен.

«Дүние өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды»

Ал Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы әрі Қарағанды облысы мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков «Абай және заман» тақырыбында Абай мұраларының маңызы мен өзектілігі жайында ой өрбітті:

– Заман өзгерді, қоғам өзгерді, бірақ Абай мұраларының маңызы мен өзектілігі өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Осы орайда Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі- бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін биіктерге, асқақ асуларға шақыра береді» деген сөзі Абай мұрасының ұрпаққа мәңгі сақталатын ғибрат екенін айқындай түседі, - деді ол.

Жалпы адамның өзін тануы әрі өзін түсіну арқылы өмірдің мәнін түсініп, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге апаратын жол болып саналады. Осы орайда Бекзат Қомарұлы «Біз ұрпағымызға осы жолдың маңызын түсіндіруіміз керек. Сонда ғана біз Абай айтқан «Толық адам» деңгейіне жете аламыз» дейді.

– Абай – даналығымен дараланған ұлы тұлға. Абайдың даналығы - қанға сіңген қазақи қаблеттерді саралап, ұлттық болмысымызға тән ұлы қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруді мақсат етуі. Ол өз заманның биігінде тұрып, қазақ халқының көзі ашық, дамыған, тәуелсіз ұлт болатынын армандаған, соған жетудің ізгілік жолын ұсынған. Абайша айтсақ, ізгілік жолы біріншіден, татулық, достық, сыйластықтан бастау алады. Ақынның «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос...» қағидасында адамдар арасындағы достық қана емес, ұлтаралық достықтың да маңыздылығына баса назар аударған. Ал біздің мемлекетіміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болып отырған да, осы көрші мемлекеттермен достығымыз бен бір ананың баласындай бір тудың астында біріккен ұлтаралық татулығымыз екені анық. Абайдың адамзатқа арналған даналық ойлары мен өсиеті Адамтану философиясының басты қағидаттарын айқындап, адам болмысының қыр–сырын толық ашып береді, - дейді Бекзат Алтынбеков.

Хәкім Абай мұралары бүгінгі қоғамда да өз маңызын жойған емес. Ақыл мен қайратты жүрекке бағындырған ұлы ақынның шығармаларының кез келгені бүгінгі таңда өзекті болып келеді.

– Абай еңбекпен мал табудың жолындағы адалдықтың негізгі қағидаттарын ұсынады. Еріншектік, енжарлық, масылдық қасиеттердің адамды да, қоғамды да аздыратынын ашық айтады. «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас... Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...» деп еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығын көрсетеді. Менің есіме осы жерде арабтың бір бай адамының айтқан сөзі түсіп отыр. Ол: «Мен өз балаларыма материалдық байлық не болмаса, бизнесімді тастап кетемін деп еш уақытта жаныққан емеспін. Жанықпаймын да. Мен артыма жаманат қалдырмауға барымды саламын. Балаларым өз әкесі туралы: «Бұлардың әкесі лас, дүниеқоңыз, арзан адам еді..» деген сөзді естімесе екен деп тілеймін... » деген екен. Міне, Абай айтып отырған толық адамның біздің заманымыздағы бейнесі. Біз де өзімізді және ұрпағымызды Абай айтқан адамдықтың осындай биігіне жеткізе тәрбиелеуіміз керек.


Жалпы, қазақтың бас ақыны Абайды оқып тауысу мүмкін емес. Абай Құнанбайұлының қазіргі жарқын бейнесі мен жалынды жыры күллі әлем халықтарының жадында мәңгі бірге жасай берері сөзсіз...

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: