«Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын»

23 Маусым 2020, 11:15 6672

23 маусым – Қазақстан полициясының кәсіби мейрамы

23 маусым – Қазақстан полициясының кәсіби мейрамы. Осыдан 28 жыл бұрын дәл осы күні ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдаған. Бұл өз кезегінде Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын бірінші құқықтық акт болған еді. Ал 2007 жылдың бесінші маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен маусымның 23-ші жұлдызын Полиция күні деп бекіткен болатын. Міне, сол күннен бастап еліміз осы мейрамды жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіп келеді. Бұл – бейбіт заманда барша қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен амандығы үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып жүргендердің мейрамы. Мереке қарсаңында қоғамдық тәртіпті қадағалап, елдің тыныштығы жолында қажырлы еңбек етіп жүрген полицейлердің тыныс-тіршілігі жайында айтатын боламыз.

Бүгінгі таңда өмірін ішкі істер саласына арнағандар ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатыр. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы полиция Департаментінің патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Ағзам Олжабай.


– Ең бірінші қатардағы инспектор болып қызметке кірдім. Қазіргі кезде полиция аға лейтенанты лауазымына бекітілдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Қызмет барысында көптеген қызықты әрі қиын жағдайлар кездесіп тұрады. 2017 жылдан бастап патрульдік полиция полкінде жұмыс істеп келе жатырмын, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы полиция Департаментінің патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Ағзам Ерланұлы.

Осыдан төрт жыл бұрын елімді қорғаймын деп ант еткен ол – қазір полиция аға лейтенанты. Ақмола облысы Степногорск қаласының тумасы 2014 жылы әскерден оралған соң, құқық қорғау саласына бет бұрған. Айтуынша Отан алдындағы борышын орындап келгеннен кейін патриоттық сезімі оянып, шенге деген құштарлығы пайда болған екен.


Арнайы форма киініп, төсбелгі таққан Ағзам Олжабай сынды қызметкерлердің атқарар қызметінің жауапты екенін байқау қиын емес. Қырағы сақшылар күн сайын жұмысқа келген бойда саптық жиынға қатысады. Мұнда түнде орын алған оқыс жағдайлар мен алдағы жұмыстары жайында талқыланады. Сондай-ақ таңертеңгілік командирдің берген тапсырмаларын бөліп алып, бейнежетон мен байланыс құралдарын тағынып, көліктеріне отырып, өз міндеттерін атқаруға аттанады.

Сала мамандарының айтуынша, күндізгі уақытқа қарағанда түнгі уақытта тәртіп бұзушылық көптеп орын алатын көрінеді. Жол патрульдік полиция полкінің қызметкерлерінің басты мақсаты –   қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол көлік қозғалысын басқару. Ал қылмыс болған жағдайда жол патрульдік полиция қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай, тез арада ашуға дайын тұруы қажет.

Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Ағзам Олжабай – көше бұзақыларын тізгіндеп, ащы суға сылқия тойғандарды, күш көрсетуге әзір тұратын тентектерді жөнге салуға, жол қозғалысы ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарды ұстауға атсалысатын қызметкерлердің бірі.


– Әлбетте, кез келген жұмыстың өз қиыншылығы болады. Бастысы адам өзінің айналысатын ісің ұнатуы қажет деп есептеймін. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын және жұмысымды жақсы көремін, - дейді полиция аға лейтенанты 26 жастағы Ағзам Олжабай.

Иә, полиция қызметкерлері жұрттың қорғаны десек, еш қателеспейміз. Елдің амандығы үшін күні-түні қызмет ететін осы сала мамандарының жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Олар күнделікті жұмыстарымен қатар, қалыпты форманы сақтауды еш ұмытпайды. Полиция қызметкері үшін дене дайындығы үлкен маңызға ие. Өйткені ол кез келген жағда       йда қандықол қылмыскермен жекпе-жекке шығып қалуы әбден мүмкін.


– Жұмыстағы серігім Илья Усовичпен соңғы бір жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Бір-бірімізбен жылдам ортақ тіл табысып кеттік. Ол өте сабырлы, тәрбиелі, жауапкершілігі мол жігіт. Жұмыстан тыс уақытта екеуміз футбол ойнағанды ұнатамыз. Одан бөлек, турникке тартылып, самбомен айналысамыз, спортпен шұғылданамыз. Бастысы физикалық жаттығуларды жасап тұруды ұмытпаймыз, - деп сөзін түйіндеді Нұр-Сұлтан қаласы полиция Департаментінің патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Ағзам Олжабай.

Бұл саланың қызметкері болу өте үлкен жауапкершілікті жүктейді. Алайда мұндай қатаң тәртіпті ұстанатын жұмысты біздің кейіпкеріміз абыроймен атқарып келеді.

Ел тыныштығын күзеткен барлық полицейлерді бүгінгі кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына зор үлестерін қосып келеді.

(Суреттер Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз бөлімінен алынған)

  

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: