27 желтоқсан - 5 қаңтар аралығында Аустралияның Сидней және Перт қалаларында аралас командалық сында United Cup турнирі өтеді. Онда аралас теннис командалары бақ сынайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан құрамасы С тобында өнер көрсетеді. Бұл топта Испания және Грекия бар. Құрама спортшылары: Елена Рыбакина, Жібек Құламбаева, Александр Шевченко, Дмитрий Попко және команданың капитаны Александр Недовесов бар.
27 желтоқсанда алғашқы матчта Елена Рыбакина испаниялық Джессика Бузас Манейроға қарсы ойнайды, ал Александр Шевченко Пабло Каррено Бустамен кездеседі.
Рыбакина осы уақытта Брисбенде өткен былтырғы титулын қорғап, WTA рейтингінде 500 ұпай жинауды жоспарлаған еді, бірақ Елена командалық турнирді таңдады.
United Cup турниріне қатысу арманым еді. Теннис негізінен жеке спорт түрі болғандықтан, бізге команда құрамында болуға мүмкіндік бола бермейді. Ал мен үшін команданың қолдауы ерекше сезім сыйлайды. Оның үстіне ел намысын қорғау аса маңызды, – дейді Рыбакина.
Айта кетейік, Қазақстан United Cup турнирінде екінші рет бақ сынайды.