Мемлекеттік тіл емес, ресми тіл - орыс тілі үстемдік етті

1 Наурыз 2014, 10:51

1997 жылы қабылданған «Тілдер туралы» Заңда мемлекеттік тілдің пайдаланылуы, сақталуы және дамуын қамтамасыз ететін және оны қорғайтын тиісті құқықтық нормалар қабылданбады.

1997 жылы қабылданған «Тілдер туралы» Заңда мемлекеттік тілдің пайдаланылуы, сақталуы және дамуын қамтамасыз ететін және оны қорғайтын тиісті құқықтық нормалар қабылданбады. Заңның «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деп аталатын 6-бабында мемлекеттік тіл туралы бір сөз айтылмады. Ал «Тілді мемлекеттік қорғау» деген 23-бапта «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деген сөздерден басқа принципті мәселелер қарастырылмады. Заңда мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің басқа тілдерге қарағанда үстем болуы деген әлемдік тәжірибе ескерілмеді. Тіпті, Заңда Конституцияның 7-бабының 2-тармағына қайшы нормалар қабылданды.  Осы Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында мынандай құқықтық нормалар бар. «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады» деп айқын жаза отырып, одан кейін «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады» деп ары қарай орыс тілі мемлекеттік тілмен қосақталады да жүреді. Түсінікті болу үшін мәтіндерді толық келтірейік: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс. Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi». Сөйтіп орыс тілі  мемлекеттік тілмен теңестірілді. Мұндай жағдайлар Заңның басқа да  баптарында орын алды.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қолданысқа енгеніне 15 жылдан асты. Алайда осы Заңның 23-бабындағы «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде  және біліктілік  талаптарына  сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың  және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Заңдарымен белгіленеді» деген норманың орындалуын қадағалау бір министрліктен екіншісіне  ауысып жүргенде ұмыт қалды.

Сондай-ақ тағы бір өкінішті жағдай - бір жарым ғасырдай теперіш көріп келген қазақ тілінің мәселесін «Тіл туралы» Заңның 23-бабындағы «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі» деген құқықтық норма арқылы шешеміз деген түсінік. Ешбір елде мемлекеттік тіл арнайы бағдарламамен жүзеге  асырылды дегенді ешкім ести қоймаған шығар.

Енді осы кезге дейінгі қабылданған мемлекеттік бағдарламалар туралы бірер сөз. 2001-2010 жылдарға арналған Бағдарламаның негізгі міндеттері жүзеге аспай қалды. Мысалы, мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын  қамтамасыз ету, нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру кестесін (нақты мерзімдері мен іс-шараларды  көрсете отырып) белгілеу арқылы барлық мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілдің іс жүргізудегі негізгі тіл ретінде қолданылуын қамтамасыз ету сияқты нақты міндеттер сол жазылған күйінде қалып, орындалмады.  Облыстарда іс қағаздарының мемлекеттік тілге көшкені туралы рапоттардың тиісті министрлік пен жоғары  билік органдарына түскеніне көп болды. Бірақ бұл іс қағаздарын тікелей мемлекеттік тілде жазумен емес, әрбір мекемеде орыс тілінде дайындалған құжаттарды бірен-саран аудармашылардың қазақ тіліне аударумен ғана жүзеге асып отыр. Жоғары мемлекеттік органдардың бірде-бірінің отырыстары мемлекеттік тілде өткен емес. Басқаларға қарағанда ұлттық сипаты басымдау болуға тиісті Парламенттегі мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайы халыққа белгілі. Заңдар орыс тілінде дайындалып, оның қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапасыздығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ. Жоғары деңгейдегі кез келген басшы баяндамасын алдымен қазақша амандасудан бастайды да, одан ары қарай орыс тілінде көсіліп, сонында тағы да ұялғаннан қазақ тілінде қоштасады. Шет елге барғанда өз тіліміз жоқтай, өзге тілмен сөйлескенге лауазымды кісілер онша қысыла қоймайды. Түйіндей айтқанда, бұл бағдарлама 10 жылда елең еткізетіндей жағдай туғыза алмады. Өйткені күтілетін нәтижелер мынандай еді: Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстан аумағында қолданылатын тілдердің қажетті функционалдық арақатысына қол жеткізумен айқындайтын, онтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құруды көздейді (қазақша мәтінде дәл осылай жазылған).  Түсініп көріңіздер.

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу: