Мемлекеттік тіл – менің мерейім!

16 Ақпан 2015, 04:42

Түрлі ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына біріктірген Ассамблеяның айтулы мерекесі өңірлерде түрлі іс-шаралармен аталып өтуде.

Түрлі ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына біріктірген Ассамблеяның айтулы мерекесі өңірлерде түрлі іс-шаралармен аталып өтуде. Солардың бірі Павлодар қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен өткен этнос жас­тары арасындағы «Тіл – татулық тірегі» байқауы болды. Байқауға 18 бен 30 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері қатысты. Олар өңірдің қала мен аудандарында осы байқаудың іріктеу кезеңінен өткен жеңімпаздар. Қатысушылар мемлекеттік тіл туралы бейнероликтер дайындап, берілген тақырыпқа эссе жазды. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Ақсу қаласының өкілі Елена Гаркава, ІІ орынды Павлодар қаласының үміткері Майя Иванова және ІІІ орынды Екібастұз қаласы намысын қорғаған Аида Магеррамова иеленді. Жүлдегерлер арнайы диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқау жеңімпазы Елена Гаркава – украин қызы. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 4-курс студенті. Болашақ мамандығы – журналист. Университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны, үздік оқуы мен жеке жетістіктері үшін ПМУ грантына ие болған. Ол «VІІІ Мәшһүр Жүсіп оқулары», «V С.Торайғыров оқулары», «ХІІІ Сәтбаев оқулары» халықаралық және республикалық ғылыми-прак­тикалық конференцияларға тұрақты қатысып келеді. Қазақ ақын-жазу­шылары шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша қалалық, облыстық және республикалық байқауларда бағын сынап, бірнеше мәрте жүлделі орындар иеленген. Тіл саясатын жүзеге асыру аясында өтетін «Тіл – адам жанын танудың кілті», «Абай оқулары», М.Мақатаев және М.Ж. Көпейұлы шығармашылық мұраларын насихаттауға арналған конкурстарға да белсенді қатысады. Астанада өткен «Тіл – татулық тірегі» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жастары арасындағы ІV республикалық форумына қатысты.

Арманы асқақ Е.Гаркаваны құр­­бы-құрдастары ерекше мақтан тұтады. Болашақ журналист оқу практикасын облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде өткен. Қазақ тілінде мақала, тезис, шолу мен са­рап­тамалық материалдар жазуды үй­рендім, шығармашылық қабілетімді шыңдадым, дейді ол.

Елена мектепте орыс тілінде оқыған. Қазақ тілін оқып-үйренемін деген құлшынысы мен зор талабының арқасында мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Еленаның осындай ерік-жігері мен еңбегі өзгелерге үлгі болады деген ойдамыз. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Е.Гаркаваның мерейі әрдайым үстем боларына кәміл сенеміз.


Ақылбек САТЫБАЛДИН

Материал дереккөзі: egemen.kz

Бөлісу: