Мемлекеттік қызметкер қоғамдық кеңес мүшесі болмауы тиіс!

10 Қаңтар 2020, 15:01 3210

Әкесіз бала өсіріп отырған көпбалалы ана алимент алғаны үшін атаулы әлеуметтік көмектен қағылуы мүмкін бе? Ал көпбалалы отбасына төленетін жәрдемақы атаулы әлеуметтік көмек құнын есептеуде отбасының кіріс көзі болып санала ма? Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелянның Павлодар халқымен кездесуі кезінде өңір тұрғындары қойған көп сұрақтың бірі – әлеуметтік мәселелер төңірегінде болды.

Мәжіліс депутаттары Н.Микаелян мен М.Магеррамовтың еліміздің солтүстік аймағына жұмыс сапары 5 қаңтар күні басталған болатын. 14 қаңтарға дейін жалғасады деп жоспарланған елмен есептік кездесу кезінде депутаттар Павлодар облысының аудандары мен елді-мекендерін аралап, кәсіпорын-мекемелерде болып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен, мұң-мұқтажымен танысуда.


Алғашқы есепті кездесу Павлодар қаласының Достық үйінде басталды. Мұнда Наринэ Микаелян тұрғындарды жеке қабыладуын өткізді. Өтініш айтып келушілердің дені әлеуметтік мәселелерді алға тартты. Соның ішінде, әсіресе, атаулы әлеуметтік көмектің (АСП) есептелуі мен берілуіне байланысты халық ішінде әлі де түсіндіру-насихаттау жұмыстарының жеткіліксіздігі аңғарылды. Сондай-ақ, жер телімдерін заңдастыру, мүгедектікті анықтау, Қазақстан азаматының құқығының шетел аумағында қорғалуы жөнінде де сұрақтар қойылды.


Мұнан кейін депутаттар қылмыстық атқару қызметі департаментінің, қалалық соттың, облыстық прокуратураның қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қылмыстық-атқару Кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс білдірді. Және пробация қызметінің материалдық-техникалық базасының төмендігі, пробация қызметкерлерінің қызмет барысында тәуекелге бел буып жүргеніне қарамастан, әлеуметтік кепілдендірілмегендігі де сөз болды.

Ал сот қызметкерлері кездесу кезінде қоғамда ажырасу статистикасының артқанын айтып, оның алдын алу үшін ерлі-зайыптыларға сотпен ажырасқанға дейін медиацияға жүгінуді міндеттеу, ажырасу бойынша сот процесіне психологтың қатысуын қамтамасыз ету жөнінде мәселелер көтерді.


Қоғамдық кеңестің жұмысы жергілікті бюджеттен қаржыландырылған жағдайда, олар өздерінің дербес шешім қабылдау мүмкіндігінен айрылып қалуы мүмкін. Бұл туралы Павлодар қаласының кеңес мүшелері депутаттармен кездесу кезінде мәселе көтерді. Олар сондай-ақ, қоғамдық кеңеске мүшелікке мемлекеттік қызметкердің енгізілуіне тыйым салу, қоғамдық кеңес ұсынымдарына ресми құжат статусын беру, жергілікті бюджетті талқылау мерзімін ұзарту жөнінде де өз ойларын ашық айтты.


Депутаттар сондай-ақ, Павлодар қаласының тергеу изоляторында, мәдениет қайраткерлеріне арналған отбасылық типтегі жатақханада болды. Бұған дейін павлодарлықтар аталмыш жатақханада тұрмыстық-коммуналдық мәселенің сын көтермейтінін айтып шағымданған болатын.

Н.Микаелян мен М.Магеррамов облыс орталығында адвокаттармен, нотариустармен, заңгер-кеңесшілермен, Әділет департаментінің, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, қазақстандық заңнама базасына байланысты ұсыныс-пікірлерін білді.


Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесу кезінде заң талаптарына байланысты олқылықтар сөз болып, жергілікті халық қалаулылары өздері бетпе-бет келген мәселелер бойынша құқық қорғау қызметі туралы заң мен мемлекеттік қызмет туралы заң нормаларында бір-бірімен үйлесімсіздік бар екенін айтты.


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: