Мемлекеттік туды қандай жағдайда қолдануға тыйым салынады?

4 Маусым 2023, 10:11 1727

4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні. Дәл бүгін мемлекеттік рәміздерімізге 31 жыл толды. Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгіміз.

Қазақстанның тұңғыш рәміздері Ту мен Елтаңба 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Ал 2007 жылы «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заң қабылданған. Заңда мемлекеттік рәміздерге қатысты талаптар мен оны қорлағандарға қатысты жаза күші де көрсетілген.

Жыл басында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 3 мың айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК 3450 теңгеге тең) дейін айыппұл төйлейтіні туралы мәлімдеген болатын. Бұл азаматтардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі мен сыйластығын арттыруға бағытталған шешім болды.   

Заңгер Жандос Тұяқов мелекеттік рәміздерге деген құрмет әрқашан болу керектігін айтады.

Менің ойымша бұл жаза лайықты және әділетті деп санаймын. Өйткені, мемлекеттік рәміздеріміз ол – тәуелсіздігіміздің, сіз бен біздің, еліміздің айқын көрінісі. Еліміздің рәміздерін қорлау біздің тұтастығымызға қол сұғудың алғашқы қадамы деп тануға болады. Қандай да бір жекелеген азаматтардың өзге саяси көзқарастары немесе қандай да бір мемлекетте орын алып жатқан әділетсіздіктерге наразылығы мемлекет рәміздерін қорлау үшін себеп болып табылмауы қажет. Еліміздің, жеріміздің туын келер ұрпақ үшін қорғау және асқақтату кез келген Қазақстан Республикасының азаматының борышы деп санаймын, - дейді заңгер.

Соңғы бірнеше жылда елімізде мемлекеттік рәміздерге көрсетілетін құрмет белсенді талқыға түсіп жатыр. Оған себеп қоғамдық орындардағы азаматтардың Туды әдепке сай мақсатта қолданбаған көріністердің септігінен деп айтуға болады. Дегенмен мұндай ауқымды мәселелерде кешірім сұрап құтылып кетіп, жазадан жалтарылып жататын кездер де аз емес. Сондықтан бұл тұста қоғам мемлекеттік рәміздерге қатысты заңның күшейгенін қолдады.

Бұнда ескере кететін мән-жай ҚР Қылмыстық Кодекстің 372 бабы қарастырған  қылмысты жүзеге асыру яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау бойынша азаматты жауапкершілікке тарту үшін ол азаматтың тікелей рәміздерді қорлауға бағытталған қылмыстық пиғылы анықталуы қажет және азаматты кінәлі деп таныған жағдайда сот айыпталушының қорлау тәсілін және ауырлығын ескере отырып айыппұл мөлшерін анықтайды. Яғни, ол 1 миллионнан басталып 10 млн көлеміне дейін тағайындалуы мүмкін, - деп түсіндірді Жандос Тұяқов.

Заң бәріне ортақ. Дегенмен, егер күдіктінің іс-әрекеті заңмен расталмай, дәлелденбесе ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын да атап өтті.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік туымызды қоқыс қабы ретінде пайдаланғандар немесе жапқыш, құр мата ретінде қолданылған фактілер жиі жазылды. Белгілі әншілердің арасында да көк туымызға бей-жай қарағаны туралы да ақпарат тараған болатын.

Заңгер бұл мәселеге қатысты қандай жағдай болмасын, кім болмасын мемлекеттік рәміздерге жасаған қорлығы үшін жауап беріп, жаза қолданылуы қажет деп есептейтінін айтты.

Сондай-ақ, маман мектеп жасынан бастап, мемлекеттік рәміздерге, жалпы мемлекеттік құндылықтарға деген құрметті арттыру үшін терең түсіндіру жұмыстарын жүргізу абзал екенін атап өтті.

Мемлекет тарапына мектептерде, ЖОО-да мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары жүргізілетініне күмәнданбаймын. Алайда, бұл мәселені өте терең ұлттық идея ретінде қарастыру керек. Өйткені, заң жүзінде ғана қорғамай, балалардың сана сезіміне түйдіртіп, патриоттық, рухтық болмыста тәрбиелеу маңызды, - дейді заңгер.

Әрине, жеке және заңды тұлғаларға теңдей мақсатта туды қолдануға рұқсат берілген. Дегенмен оны қолдану талаптары заңмен белгіленген және оны сақтауға міндетті. Бұл талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысының 4-ші ережесінде көрсетілген.

Жеке және заңды тұлғалардың ҚР мемлекеттік туын ғимараттарда, тұрғын үйлерде және тұрғын емес үйлерде, балкондарда, сондай-ақ салатанатты іс-шаралар өткізген кезде патроиоттық сезімдерді білдіру, қазақстандықтардың жетістігін қолдау мақсатында қолданады.  Дегенмен мұнда ескере кететін жағдай, туды белгілі мөлшерден төмен түсіруге болмайды, жалауға қандай да бір сурет салуға және жазу жазуға қатаң тыйым салынады. Туды шүберек, мата ретінде орауға және оны қорлау бағытындағы іс-әркете жасауға жол берілмейді, - деп түсіндірді Жандос Тұяқов.

Сонымен, Мемлекеттік туды адамға немесе затқа құрмет белгісі ретінде жалауды төмендетуге, апат жағдайын қоспағанда оны кантонмен төмен қоюға, туды орналастырған аймақтағы заттарға (жер, еден, су) тигізетіндей етіп орнатуға, тудың бағанын көлденеңінен көтеру (ту әрдайым бұрышта болуы керек) заңмен тыйым салынады.

Туды орналастырған кезде оның зақымдануына немесе кірлеуіне,туға бірдене жазу және сурет салуға, тумен бір нәрсені орауға, төсек-орын және драпировка ретінде пайдалануға, оның бейнесін бір рет пайдаланылатын майлықтарға, қораптарға және басқа заттарға басып шығаруға тыйым салынады.

Миражан Махан
Бөлісу: