Мемлекеттік рәміздердің салмағы зор, қадір-қасиеті мол

4 Маусым, 12:19 796

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл – Тәуелсіздік, Республика күндеріндей қастерлеуге әбден лайық дата. Өйткені мемлекеттік рәміздер – біз үшін аса қастерлі тәуелсіздігіміздің қасиетті нышаны, егемендігіміз бен өзге жұрттан ерекшелігіміздің айқын белгісі. Оларды қадірлеу арқылы елдігіміздің, елжандылығымыздың маңызын арттырамыз.

Бұл күннің тарихы

Қазақстан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғаннан кейін билік өз елдігімізді танытатын нышандарымызды бекітіп алуға кірісті. Сол үшін 1992 жылдың басында Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің (қазіргі Парламент) төралқасы мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша шығармашылық комиссия құрылып, оның құрамына қоғам қайраткерлері мен белгілі заңгерлер тартылды. Сөйтіп, ту, елтаңба және әнұран жобаларын жасауға байқау жарияланды. Оған 600-ден астам адам жұмыстарын ұсынған. Комиссияға тудың 1200, елтаңбаның 245 нобайы, әнұранның 750 нұсқасы келіп түсіпті.

Олардың ішінен белгілі суретші Шәкен Ниязбековтің туы мен белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлихановтың елтаңбасы таңдалып алынып, сол 1992 жылы 4 маусымда мемлекеттік рәміздер болып бекітілді.

Тәуелсіз Қазақстанның әнұраны да осы жылы 11 желтоқсанда қабылданды. Онда комиссия Қазақ КСР-і әнұранының музыкасын сақтауды ұйғарған. Музыка авторы Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди еді. Ал мәтініне жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған өлеңі үздік болып шықты.

2006 жылы еліміздің әнұраны өзгерді. Бұл жолы таңдау композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әніне түсті. Оған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз қосқан.

Ал 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіп келеді.

Ту мен елтаңбадағы бейнелердің мағынасы

Тудың ортасында сәуле шашып тұрған күн мен қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген. Ал оның сабы кіретін тұсына тігінен ұлттық ою-өрнек салынған. Тудың өзі көк түсті болса, күн, оның шұғыласы, қыран және өрнек алтын түске боялған.       

Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді, – деп жазылыпты Ақорданың ресми сайтында.

Ал ондағы бейнелерге келсек, күн байлық пен молшылықты, өмір мен күш-қуатты білдіреді. Оның шұғыласы бай-қуаттылықтың белгісі – алтын масақ түрінде салынған. Күннің өзі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, түрлі қарым-қатынас үшін күллі әлемге ашық екенін көрсетіп тұр.   

Қыран құс – көптеген мемлекеттердің тулары мен елтаңбаларында кездесетін бейне. Ол биліктің, қырағылық пен мәрттіктің белгісі болып саналады. Қалықтап ұшқан қыран кескіні әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысымызды паш етеді.

Ал өрнектерден көркемдікке құштарлық пен эстетикалық талғамға талпынысты аңғарамыз. Ол – мәдениетіміз бен дәстүріміздің нышандық бейнесі...   

Сәулетші Жандарбек Мәлібековтің айтуынша, мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланып жатқан кезде ол Ташкентте жұмыс істеп жүрген.

Сол кезде байқауға қатысуды жөн көрдім. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бар ғой. Сондай оймен келдім. Оның үстіне мәселе байқауды ұтып алуда емес, оған қатысудың өзі үлкен мәртебе еді. Менің жұмысым Жоғарғы Кеңестің қабылдау кеңсесіне 173-ші болып тапсырылды, – деп еске алады елтаңба авторы.     

Бұл рәміздің кескініне қарап отырсаңыз, оның өне бойы тұнып тұрған тарих. Оған алты қанат киіз үй мен соның бөліктері негіз етіп алынған. Яғни мұнда шаңырақ, уықтар, кереге, босаға және басқалар бар.

Елтаңбадағы барлық элементтер қазақ халқының, мемлекетіміздің терең тарихына негізделген. Біздің заманымызға дейінгі 4-5—ші мыңжылдықтардағы киіз үйдің тұлғасы көрсетіліп тұр. Ол қазақта ежелден айтылатын, қазір де қолданылатын «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген ұғымды білдіреді. Бұл жерде осы тілек тәуелсіз мемлекетімізге қатысты айтылып отыр. Сосын «қара шаңырақ» деп айтамыз. Ал Қазақстан еліміздегі ғана емес, әлемдегі күллі қазақтың қара шаңырағы ғой. Елтаңбадағы киіз үй сол ұғымды да білдіріп тұр. Ол – тұтастықтың, ынтымақ пен бейбітшіліктің де белгісі. Яғни уықтар көпұлтты халқымыздың ынтымағын білдіреді. Кезінде жер ауып келген талай ұлт пен ұлысқа пана болғанымыз белгілі. Енді сол диаспоралар қазақпен бір шаңырақтың астында уықтар сияқты елге тірек болып, бәрі бір отанға қызмет етіп жатыр. Және байқасаңыз, киіз үйдің бұл бөліктері созылып барады. Арғы жағынан күн ұзарып шығып келеді. Бұл тәуелсіз еліміздің әр таңы осылай жарқырап ата берсін деген ниетті білдіреді, – дейді Жандарбек Мәлібеков.   

Ал енді екі жақта тұрған екі аттың бейнесіне келсек, олар қазақ жерінде табылған, әлі де табылып жатқан Алтын адам тарихынан алыныпты. Бұл екі жарым мың жыл бұрынғы кезеңнен белгі береді. Одан тым әрідегі Ботай мәдениеті кезінде жылқыны алғаш бас білдірген қазақтар екені мәлім. Содан бері бұл жануар бүкіл адамзаттың қажетіне жарап келеді.

Елтаңбада бейнеленген қанатты ат Алтын адамның тәжінде бар.

Сақ дәуірі бар. Одан кейінгі ғұн дәуірінде ата-бабаларымыз атпен шауып, дүниенің талай жерін жаулап алған жоқ па? Одан кейінгі Түрік қағанаты бар. Бірақ бұл жерде енді біреулерді жаулап алу деген ой жоқ. Тек өзіміз іргесі берік үлкен мемлекет болайық дегенге меңзеп тұр. Байқасаңыз, елтаңбамызда қару-жарақ, сондай-ақ біреуге айбат шегетіндей бейнелер жоқ. Өйткені біз бейбіт өмірді қалаймыз. Жеріміздің тұтастығын сақтай отырып, көрші елдермен тату болғанды жөн көреміз, – деп түсіндірді елтаңба авторы. 

Сонымен қатар бұлар жәй аттар емес, ол – жылқы-киік деген киелі жануардың кескіні. Оның мүйіздерінде жеті сақина бар. Бұл жеті атаны білдіреді. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» дейміз. Бұл жерде де үлкен философиялық ой жатыр. Одан кейін 7 санының қазақ үшін киелі екенін де естен шығармау керек. Жеті қазына деген де бар.

«Қазақстан» деген жазудың екі жағында киіз үйдің босағалары симметриялық кейіпте бейнеленген (Жалпы, елтаңбаның барлық элементтері симметриялық етіп кескінделген). Оған төмен жағынан қошқар мүйіз кигізіліп, бұл босағаны ұстап тұрғандай әсер береді.

Қошқар мүйіз қазақтың мәдениетін, өнерін, қолөнерін, жазуларын паш етіп тұр. Өйткені оның ұлтымыздың бүкіл өю-өрнектерінде қолданылатыны бүгінде баршаға аян. Мұның үстіне қойдың, жалпы малдың басын бау-бақшаға қарауыл ретінде пайдаланады. Оны ағаштың басына сұғып, адам сияқты жасап қояды. Аң құсты үркітіп, олар бау-бақшаға аяқ баспауы үшін. Яғни қошқар мүйізіміз елдің қорғаны болсын дегенге де меңзеп тұр. 

Босағаның маңдайындағы басқұрлардың үстінде қос таразы орналасқан. Олар дүниенің тепе-теңдігін білдіреді.  

Үш қауырсынның да мағынасы бар. Олар ата-баба жолын жалғастыратын ұрпақты бейнелеп, «жеті атамен» қосылып, мәңгілік ел боламыз дегенге меңзейді. Қауырсындардың арасында тарамдалып жоталар тұр. Атап айтқанда, бұл – Қаратау. «Қаратаудың басынан басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын жырға қосылған «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» кезеңінің көрінісін, 1723-1727 жылдары Ордабасыда болған жоңғарларға қарсы шайқасты бейнелейді.

Енді желбауларға келейік. Олар киіз үйде төртеу болады. Екеуі сыртынан, екеуі ішіне шаңыраққа байланады. Жел тұрғанда сол шаңырақ ұшып кетпесін деп, желбауды бастырып қойған. Жоғарыда айтылған «босағаң берік болсын» деген мағына осы тұстан да байқалып тұр.    

Төбедегі бесжұлдызға келсек, кейбіреулер ойлайтындай, ол кеңес дәуірінің белгісі емес. Ол да – қазақтың тарихында бар таңба. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Шілікті жазығындағы қорымнан бесжұлдыз табылған. Ғалымдардың айтуынша, ол – сақ дәуірінен де көп уақыт бұрын болған ең көне символ. Бұл екі қолын екі жаққа жіберіп, талтайып тұрған адамның бейнесінен кеп шығады екен. Яғни ол билеуші дегенді білдіріп тұр. Демек, бесжұлдыз – патшалықтың белгісі.    

Сонымен қатар қазақта «жұлдызың жансын» деген сөз бар. Яғни бұл Қазақстанға қатысты сондай тілекті білдіреді.  

Ал енді төменгі жақтағы үш баспалдаққа түсейік.

Олар – үш белес, асу. Қазақ жеріндегі түрлі дәуірлерді білдіреді. Басымыздан талай заман өтті ғой. Енді қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келсін деген тілегіміз бар, – деп ойын түйді ардагер сәулетші. 

Мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсатта пайдалану дұрыс па?

Соңғы кездері мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсатқа пайдалану-пайдаланбау жайы талқыға түсіп жатыр. Жақында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде аталған оқу орны мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шәкірттері арасында осы тақырып бойынша пікірсайыс өткен.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Қалқаман Сариннің айтуынша, онда студенттер мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсатқа пайдалану мәселесінің теріс және оң жақтарын талқылап, сөз жарыстырыпты.

Мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсатта пайдалану дегеніміз – кез келген тауар өндірісінде ту, елтаңба бейнелерін қолдану. Мысалы, бұл кондитерлік өнімдерге, жеңіл өнеркәсіп, яғни тоқыма өндірісіндегі, тағы басқа да тауарларға мемлекеттік рәміздер бейнесін жапсыруды қарастырады. Пікірсайыста осыны жақтаушы тарап мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсаттарда пайдалану ұлттық бренд ретінде танылуына ықпал етуі мүмкін екенін, бұл халықаралық нарықтарда тауарларды экспорттау және ілгерілету үшін маңызды болатынын айтса, қарсы тарап рәміздеріміздің мемлекеттік мақсаттарда ғана қолданылу тиістігін, ал коммерциялық пайдалану оның иесізденуіне және символдық құндылығын жоғалтуына әкелуі мүмкін деген ойды алға тартты, – дейді Қалқаман Сарин.

Қалай болғанда да, мәселе мемлекеттік рәміздеріміздің қадірін жоғалтып алмауға келіп тіреліп тұр. Өз басым ол жағынан біз өте мықты халықпыз деп санаймын.

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: