Мемлекеттік қызметтер саласындағы жұмыскерлердің кәсіби мерекесі бекітілмек

15 Ақпан 2023, 11:19 1010

15 сәуір - мемлекеттік қызметтер саласындағы жұмыскерлер күні мерекесі болып бекітілмек. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«ҚР мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы - «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы қызметкерлер күні - 15 сәуір» деген 5-1-тармақпен толықтырылсын», - делінген құжатта.

Қаулыға қосымша берілген түсіндірмеде бұл бастама мемлекеттік қызметтер саласында еңбек ететін жұмыскерлер арасында корпоративтік мәдениетті дамытуға ықпал ететіні көрсетілген.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы қызметкерлердің жалпы саны 20 мыңнан астам адамды құрайды. Алайда, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы қызметкерлердің өздерінің кәсіби мерекелерін атап өту мүмкіндігі жоқ және осындай мереке болмағандықтан, бірыңғай кәсіби қоғамдастық саласына өздерінің тиістілігін сезінбейді. Аталған кәсіби мерекені тізімге енгізу кәсіби қоғамдастықтың бірыңғай саласына жататынын сезінуге мүмкіндік беріп, корпоративтік мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал етеді», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

Қаулыны ашық талқылау 1 наурызға дейін жалғасады.

EL.KZ
Бөлісу: