Мемлекеттік қызметкерлерді коммуникативті болуға үйретіп жатыр

16 Мамыр 2023, 09:59 941

Мемлекеттік қызметкерлердің  қоғаммен байланысын жақсарту мақсатында «Көпшілік алдында сөйлеу. БАҚ-пен өзара әрекеттесу» семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жобаның негізі мақсаты  – халықпен тиімді кері байланыс орнататын, мемлекеттік саясат пен мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты  жеткізетін салалық спикерлер пулын құру.

Біздің алдымызда мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру мақсаты тұр. Сондықтан халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыруды көздейміз, - мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев. 

Оның айтуынша, ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетіне сәйкес, халыққа ағымдағы және жоспарланып отырған өзгерістерді, мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты жан-жақты жеткізіп, түсіндіре алатын салалық спикерлерді дайындау маңызды.

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі мемлекеттік органдардың баспасөз хатшысы дағдарыс жағдайында ақпаратты алдымен қазақ тілінде жеткізудің аса маңызды екенін атап өтті.

Бүгінгі ақпарат жылдам тарайтын заманда коммуникацияның маңызы өте зор. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүргізу үшін кез келген мемлекеттік құрылым ашық, шынайы болуы керек. Мекемеге қатысты кез келген сұраққа жауап беретін өкілді немесе баспасөз хатшысын даярлау маңызды, - деді министр Дархан Қыдырәлі. 

Ол дағдарыс туындаған жағдайда ақпарат алдымен қазақ тілінде жазылып, таратылуы керек.  Бұл жағдайда салаға жауапты мемлекеттік қызметкер коммуникативтік дағдылары дамыған және қазақ тілін жетік меңгерген маман болуы тиіс.

  Қазіргі таңда баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруға бағытталған әдістемелік кітаптарды дайындап, шығарып жатырмыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті құрылымдарға, мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсетуге дайын, – деді Дархан Қыдырәлі. 

Семинарға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан келген 40-тан астам маман қатысып жатыр.Үш күндік оқыту курсын ҚР президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының тренерлері «ABCommunications» директоры Бахыт Аманжолқызы, «TANBA» PR агенттігінің директоры Ақсұлу Саңғали,«Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Армангүл Тоқтамұрат және Альбина Әшім жүргізеді.

EL.KZ
Бөлісу: