Мемлекеттік квотаға іліне алмайтын отбасыларға сәбилі болу көмек қолын созамыз - Ләйла Сұлтанқызы

3 Қыркүйек 2023, 10:49 741

Белгілі теле жүргізуші Ләйла Сұлтанқызы “Mariyam” қорын құрылып, игілікті істі қолға алғанын мәлімдеді. Аталған қор “Аңсаған сәби” мемлекеттік квотасына іліне алмайтын отбасыларға көмектесуді көздейді. Осы орайда қор басшысы Ләйла Сұлтанқызының  El.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбаттын назарларыңызға ұсынамыз. 

Еl.kz: Ләйла ханым, қорды құрып, мұндай жобаны қолға алуыңызға не түрткі болды?

Ләйла Сұлтанқызы: Өзімнің басымнан өткен жағдай.. 2-3 жыл көлемінде ЭКО орталықта қаралып, тексерістен өтіп жүрдім. Сонда сәби сүюді аңсап жүрген 20 жастағы жұптан 50-60 қа таяған жандарға дейін кезіктірдім. Менің жаныма қатты батқаны азаматтардың көз жасы. Олардың жылап тұрып Құдайдан жалбарынып бала сұрағандары… Содан ЭКОмед орталығының басшысы Салтанат Берденқызына “біз бір отбасыға көмектессек қалай болады?”,-деп ұсыныс тастадым. Ол кісі бірден қабыл алып, бір емес қазір бірнеше отбасыға көмектестік.

Еl.kz: Көмегіңіз тиіп, алғаш сәби сүйіп қуанышқа бөленген ананы көргенде қандай сезімде болдыңыз? Жалпы, мақсатыңыздың дұрыс екенін түсіндіңіз бе? 

Ләйла Сұлтанқызы: Осы уақыт аралығында қорға мыңға жуық хат келді. Былтыр ЭКОмед орталығының қолдауы, демеушілердің көмегімен «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының квотасына ілікпеген бірнеше отбасыға көмектестік.  Былтырғы пациенттеріміздің барлығы ата ана атанды. Бір ғана келіншектің қалжа тойын күтудеміз. Ол кездегі сөзді айтып жеткізе алмаспын.  Ең алғашқы келіншектің ХГЧ-сы жоғары нәтидені көрсеткенде көзіме еріксіз жас келді. Ал ол бөпені көріп, иіскегенде өз миссиямды тапқандай сезім болды. Аллаға шүкір! 

Еl.kz: Жалпы жасанды ұрықтандыру арқылы сәби сүюге қарапайым отбасының жағдайы жете бермейді. Ол үшін төленетін сома көлемі аз емес. Осы орайда қорды қаржыландыру туралы айтып өтсеңіз.

Ләйла Сұлтанқызы: Әрине, кем дегенде 2 млн-нан басталады.  Бір жыл бұрын 1 демеуші=1 отбасы деп басталған еді. Жора-жолдас, таныс-тамыр, әріптес-достар көмек қолын созып жүрді. Оның өзі, санаулы келіншекке көмектесуге ғана жететін. Өңірлерден біраз оқырмандарым көмек сұрап жазды. “Бір шешім қабылдаңызшы, көмектесіңіздерші”,-деп.  Жарты жыл бойы жазған жанашыр жандардың барлығын ЭКО орталықтарына бағыттап жүрдім.  Бірі 5000 тг-сін аямаса, бірі 50 000тг бергісі келетін. Содан кейін, ойлана келе қор ашқан жөн шығар дедім. 

Еl.kz: Сіздің қордың көмегіне эко арқылы сәби сүюді жоспарлаған отбасылар қалай жүгіне алады? Оның қандай талаптары бар?

Ләйла Сұлтанқызы: “Mariyam” қорының басты мақсаты мемлекеттік “Аңсаған сәби” мемлекеттік квотасына іліне алмайтын отбасыларға көмектесу. Қазіргі таңда арнайы сайтымыз жұмыс істеп тұр. mariyamfund.kz сайтына кіріп анкета толтыру қажет. 

Еl.kz: Қазіргі уақытта жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтергендер саны көбейіп, бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналып келеді. Елде неге бала сүйе алмайтын ерлі-зайыптылардың саны неге көбейіп барады деп санайсыз?

Ләйла Сұлтанқызы: Оның себебін анализ жасап, бақылауда ұстайтын репродуктолог дәрігерлерден сұраған жөн болар. Біздің мақсатымыз денсаулық жағдайына байланысты табиғи жолмен балалы бола алмайтындарға көмектесу ғана. 
Жалпы жасанды жолға аты айтып тұрғандай адам шарасыздықтан, табиғи жолмен болмағандықтан, басқа амалдың жоқтығынан барады. Қазіргі таңда біздің елде ЭКО-ға деген көзқарас оң. Бұрын бұл тақырыпты қозғаудың өзі ұят еді. Өз проблемаларын жасырмай айтып келетін отбасыларды көргенде соңына дейін күресетініне сенеміз, көздерінен от пен арадағы махаббатты көреміз.  Сондықтан ЭКО әдісіне жүгіну қалыпты жағдай дегенге келіспеймін. Оған адамдар амалсыздан барады. 

Еl.kz: «Жібек жолы» арнасында телебағдарламаны қолға алыпсыз. Осы туралы айта отырсаңыз...

Ләйла Сұлтанқызы: Биыл, бұл ізгі іс “Ана болғым келеді...” деген атаумен жалғасын тауып, “Жібек жолы” арнасынан көрсетілетін үлкен телевизиялық жобаға ұласты. Осы уақытқа дейін келген хаттардың ішінен қамқоршылық кеңестің шешімімен тағы 15 хат іріктелді. Олардың ішіндегі алты отбасыға демеушілердің көмегімен ЭКО жасалуда. Ал қалған 9 әйелді ЭКОмед орталығында репродуктолог-дәрігерлері бақылап отыр. 

Еl.kz: Әңгімеңізге рахмет! 

Асқар Таудай
Бөлісу: