Мемлекеттік басқару академиясы HR институтының директоры: «Жасанды интеллектіні қолдануды зерттеп жатырмыз»

23 Маусым, 17:00 819

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл Мемлекеттік басқару академиясының Адами ресурстарды басқару, яғни HR институты құрылды. Аталған институттың міндеттеріне не жатады? HR институты қандай бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп отыр және алдағы жоспары қандай? Осы және өзге сұрақтарға жауап алу үшін El.kz тілшісі ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының HR институтының директоры Рустам Мусинмен сұхбаттасты.

El.kz: Рустам Таңатұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне толыққанды стратегиялық HR институтына айналу міндетін қойғаны белгілі. Адами ресурстарды басқару, яғни HR институтын құрудағы мақсат не болды?   

Рустам Мусин: Ол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі негізі барлық өзінің жұмыстарын стратегиялық тұрғыда жасау керек ұғым пайда болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік секторда стратегиялық HR-дың ешқайсысының әдіс-тәсілі ашық түрде және нақтылап қолданылмаған. Мысалға, көптеген стратегиялық құжаттар шыққан кезде адами ресурстар тұрғыда анализ жасалынбайды. Бізге қандай адамдар керек? Қанша адам керек? Олардың білімдері қандай болу қажет? Қабілеттері, сертификаттары болу керек пе, керек емес пе деген сұрақ туындамайды. Сол себептен біз  әдемі құжаттарды жасаймыз да бірақ оны жоспарлаған кезде сұрақ болмаған соң қиындықтар туындайды.  Қазір бізге 5 жылдан кейін мемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдар қандай болу керек, олардың құдылықтары, білімдері, құзыреттіліктері қандай болу шарт дейтін сұрақтарға жауап беретін тәсілдер керек. Соны орындау мақсатында  биылдан бастап біздің HR институты құрылып отыр.

El.kz: Өзіңіз басқарып отырған институттың міндеті, жұмыс барысы қандай? 

Рустам Мусин: Бұған дейін «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ деген болатын. Оның құрамында екі департамент болды. Олар мемлекеттік қызметте «Е-қызмет» жүйесін жетілдіріп отырды. Одан басқа мемлекеттік қызметке тұру үшін тестілеуден өту керек екені белгілі. Екінші департамент сол тестілеу кабинеттерінің толыққанды жұмысын жүргізіп келген. Былтыр жыл соңында «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ толықтай таратылып, оған қарасты екі департамент Адами ресурстарды басқару институтына берілді. Оған қоса Мемлекеттік басқару академиясында құзыреттерді бағалау орталығы деген болды. Онда Президенттік жастар кадрлық резерві, саяси мемлекеттік қызметші құзыреттерін бағалау мақсатында қолданылатын HR-дің ассессмент орталық деген әдістері қолданылған. Осы үшеуімен бірге бізге тағы екі сектор қосылды. Оның біріншісі таланттарды басқару секторы болса, екіншісі – HR аналитика секторы.

Жалпы біздің институттың бүгінгі жұмыс барысына тоқталсам, жоғарыда атап өткен бес сектор, бес бағыттың алғашқысы ақпараттық жүйені қолдау деп аталады. Мәселен, қазіргі уақытта барлық мемлекеттік секторда «Е-қызмет» жүйесі қалыптастырылған. Ол жұмысқа алу немесе шығару, еңбек демалысы деген сияқты кадрға байланысты барлық электрондық құжат қалыптастырылатын жүйе. Сондай-ақ бізде мемлекеттік секторға жұмысқа кіру үшін үміткерлер ең алдымен тестілеуден өту керек. Оның ең алғашқысы - заңды білуі қажет. Одан кейін тұлғаны бағалау және қабілеттілік сынақтары деген бар. Ол үміткерлер тестілеу орталықтарына келеді. Бізде қазіргі таңда Қазақстан бойынша 24 тестілеу орталығы болса, бұл орталықтарда тест тапсыруға арналған 450 компьютер бар. Солардың үздіксіз жұмыс істеуін біздің институт қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік секторға тұруға ниеттілер үшін барлығы онлайн түрде жасалынатын жүйе бар. Ол Е-kyzmet.gov.kz деп аталады. Мысалға келтіретін болсақ, мемлекеттік секторға жұмысқа тұрғысы келген кез келген адам ол сайтқа кіріп, өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өзінің жеке парақшасын түзеді. Ол парақшаға қайда оқыды, қай жерде жұмыс істеді, барлығын толтырады. Негізі біздегі қазір жүйеде барлығы интеграция жасалынып, көп ақпарат автоматты түрде енгізіледі.  Дегенмен енбей қалғандары болса, әр адам өзі енгізеді. Мұнан соң бос лауазымдарға түйіндемелерін жібере алады. Одан кейін үміткердің жеке қасиеттерін, адами құндылықтары мен мәтіндік, цифрлық құжаттармен жұмыс жасау қабілетін анықтайтын екі кезеңдік сынақ болады. Бұл екі кезеңнен өткен соң мемлекеттік орган өздерінің талаптарына байланысты эссе жазу сынағын қоса алады. Ол жерде үміткерге белгілі бір тақырып беріледі. Ол сол тақырыпты эссе түрінде онлайн жазып шығады. Мұның бәрін жүйе қадағалап отырады. Сүрінбей өткен және ең жоғары ұпай жинаған тек үш үміткер соңғы кезең – әңгімелесуге жіберіледі. Эксперттік комиссия құрылады және тәуелсіз бақылаушылар болады. Бұл кезең де жүйе арқылы өтеді. Яғни, комиссия мен тәуелсіз бақылаушы үміткердің аты-жөнін білмейді. Олар құпия код арқылы жүйеге кіріп, сұрақ-жауап арқылы бағалау жүргізіледі. Комиссия мүшелері жүйеге өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен бағалауды жүзеге асырады. Солардың ішінде үздік деп танылған үміткер сол жұмысқа тұра алады. Көріп отырсыз ба, барлығы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Күні бүгінге дейін мыңнан астам кандидатты тексеріп, құзыреттерін анықтадық.

Тағы бір айта кетерлігі, жақын арада «Қазпошта» компаниясына осындай ассессмент әдісін жасадық. Олардың топ менеджментін бағаладық, құзыреттерін анықтадық.

Біздің институтта таланттарды басқару секторы бар. Ондағылар қазіргі таңда әлем бойынша HR-дің ең үздік қандай тәсілдері бар екенін анықтап, мынаны бізге енгізуге болады деген сияқты ұсыныстарды агенттікте беріп жатыр.  

Біздің институттың тағы бір бағыты HR-аналитика деп аталады. Ол дүниежүзінде дамып келе жатқан бағыттардың бірі деуге болады. Мәселен, біздің елде «Е-қызмет» жүйесі 2014 жылдан бастап енгізіліп жатқан болса, сол уақыттан бері күні бүгінге дейін жүйеде 150 мың адамның жеке істері бар. Олар қай университетті бітірді? Бұл жұмысқа қашан орналасты? Оларды не біріктіреді немесе қандай айырмашылықтары бар? Соның барлығын зерттеу керек.

Бізде мемлекеттік секторда еңбек ететін әйелдердің үлесі 54 пайызды құрағанымен, олардың тек 30 пайыздан астамы басшылық құрамда. Олардың санын қалай арттыруға болады? Сондай-ақ бізге мемлекеттік қызметте жүргендердің орташа жасы 40 болса, жастардың үлесін арттыру үшін бізге 30 жасқа немесе 25 жасқа дейін қанша адам келу керек? Олар қандай лауазымдарға орналаса алады? Бұл жастағыларға қанша бос лауазым бар? Бұл жұмыстармен HR-аналитика секторы айналысады. 

Әлемдік тәжірибеде HR data-driven деген бар. Яғни, деректерге негізделген. Біз осы тәжірибені өзімізге енгізейін деп отырмыз.  

El.kz: 150 мың адам деп отырғаныңыз кімдер?

Рустам Мусин: Олардың қатарында қазіргі таңда мемлекеттік қызметте жүргендері де, кезінде жұмыс істеп кеткендері де бар. Себебі олар да мемлекеттік секторға жұмысқа тұрғанда міндетті түрде құжаттар тапсырады. Олардың оқу бітіргені, жұмыс істеген жері, тіпті жеке куәліктеріне дейін базада сақталады. Заң бойынша базада 75 жыл сақталуы керек. Оның бес жылында сол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде, кейін архивке беріледі.   

El.kz: Күні бүгінге дейін мыңнан астам кандидатты анықтадық деп қалдыңыз. Осы үміткерлерге тоқталып өтіңізші...

Рустам Мусин: Бұл кандидаттар жалпы іріктеу емес, тек өңірлік кадрлық резерв бойынша өтіп жатқандар. Біз қазір олардың ішінен эксперттік комиссиямен әңгімелесу кезеңіне кімдер өтетінін анықтап жатырмыз.  

El.kz: HR институтында кадр мәселесіне қатысты тағы қандай талаптар қойылады?

Рустам Мусин: Бұл жерде талап күшейді немесе өзгерді деп емес, ең алдымен біздің институттың мақсаты – HR мемлекеттік сектордағы барлық тәжірибелерді, адамдарды басқару практикаларын жетілдіру екенін атап өткен жөн. Мәселен, қазір іріктеу жүріп жатыр. Бұрын оффлайн болатын, қазір онлайнға көшуде. Осы онлайн іріктеу қалай болу керек? Оның тиімділігін қалай арттыруға болады? Осы сұрақтарға жауап беру үшін біз зерттеу жүргізіп жатырмыз. Шетелдергі тәжірибелерді назарға алып, ұсыныс жасаймыз. Қазіргі уақытта жасанды интеллект арқылы өтетін көптеген әдістер бар. Біз персоналды іріктеу бойынша шешім қабылдауда жасанды интелектіні қолдануды зерттеп жатырмыз. Содан кейін оны енгізуді агенттікке ұсыныс ретінде береміз. Мысал келтіретін болсам, жасанды инттеллектпен видеосұхбат жүргізу. Мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін үміткер сынақтың барлық кезеңінен өтіп, соңғысы жасанды интеллектпен сұхбаттасу болады делік. Берілген жауаптың барлығы жүйеге енгізіледі де әрбір сөзіне анализ жасалынады. Ол жерде тек айтқан сөзі емес, кандидаттың дауыс ырғағы, сөйлеу әдебі, мимикасы барлығын жасанды интеллект бағалап береді. Жасанды интеллект адамның құзыреттіліктерін бағалап, сараптауға көмектеседі. Бұл тек біреуі, мұндай мысалдар көп.  

«2029 жылға дейін мемлекеттік қызметті дамыту» тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл бойынша да біз өз ұсыныстарымызды бердік.    

El.kz: HR институтының тағы қандай жұмысы мен даму жоспары бар?

Рустам Мусин: Біздің институттың негізгі міндеттері мен жұмыстары туралы жоғарыда тоқталып өттім. Тағы қосар болсам, біз HR мамандардың құзыреттерін дамыту мақсатында академиялық тұрғыда сертификацияны жасау барысында барлық программа мен материалдарды дайындап, аккредитациядан өттік. Енді өзіміздің сертификатымызды бере аламыз. 

Біз алға бес мақсат қойып отырмыз. Оның біріншісі - «Е-қызмет» жүйесін барынша дамыту. Екіншісі – мемлекеттік секторға жұмысқа тұрудың әділ және жеңіл бір жолын жасау. Үшіншісі - мемлекеттік секторда жүргендердің құзыреттеріне әділ және дұрыс баға беру.  Төртіншісі - адами ресурстарды басқарудағы жаңа тәсілдер мен жаңа әдістерді іздеп, оларды енгізудің ұсыныстарын әзірлеу.

Бесіншісі – қазіргі таңда қандай белгілі бір тенденциялар бар, соларды назарға алып, деректерге негізделген зерттеу жүргізу. Бұл - HR аналитика.

El.kz: «Е-қызмет» жүйесіндегі барлық процестер цифрландырылған деп айтуға келе ме?

Рустам Мусин: Барлығы деуге келмес, бірақ негізгілері енген деп айтқан дұрыс. Неге десеңіз, мысал келтірейін. Мәселен, мемлекеттік қызметкер жылына бәлкім бір рет жұмыс сапарына шығатын шығар.  Ол «Е-қызмет» жүйесіне әлі енген жоқ. Сондықтан ең маңызды процестер цифрландырылған деп айтқан дұрыс шығар. Бірақ бұл ретте кейбір процестер жаңадан енгізіліп жатқанын ескерген жөн. Өйткені ол қатып қалған нәрсе емес. Заман ағымына қарай кейбір процестердің қажеттілігі болмауы мүмкін. Сондықтан жүйе үнемі қажеттілікке қарай дамып, жаңарып тұрады.   

El.kz:  Адами ресурстарды басқару институтында неше қызметкер бар?

Рустам Мусин: Бізде қазіргі таңда 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың әрбірінің өз фукнционалдық міндеттері бар.

El.kz: Соңғы сұрақ, HR институтының өңірлерде өкілдері бар ма?

Рустам Мусин: Оның қажеттілігі де жоқ шығар. Өйткені өңірлерде біздің тестілеу орталықтарымыз ғана бар. Оның өзі жүйеге енгізілген. Қазіргі уақытта біздің жасап отырған жұмысымыз - зерттеу, жетілдіру,  ұсыныс енгізу.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Жансая Ақбала
Бөлісу: