Мемлекеттік бағдарлама арқылы жалға алынған пәтерді енді жекешелендіруге болады

8 Ақпан, 11:20 983

Әңгіме әлеуметтік осал топтарға берілген баспана жайлы. Сол арқылы биыл мемлекеттік бағдарлама аясында пәтерді жалдап отырған 50 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлауы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерінің мәліметінше, әзірге жекешелендірудің нақты тәртібі белгіленбеген. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Жауапты министрлік өкілі жекешелендіру тәртібі пысықталып жатқанын айтты. Алдын ала болжам бойынша, жағдайы жетіп тұрған адам алғашқы жарнасын төлеп, пәтерді өз атына аудара алады немесе қажетті қаржыны жиғанша тұра береді.

Осы мәселе бойынша алдын ала оң шешім бар. Әрі қарай жекешелендіру тәртібі пысықталып жатыр. Яғни заң қабылданған соң оны іске асыру бойынша үш-төрт айдың көлемінде қабылданады. Сол кезде нақты тәртібі көрсетіледі. Яғни жаңа нормаға сәйкес жалға беру ұғымы жойылып, пәтер бірден сатып алу құқығымен ұсынылады. Тиісінше жағдайы келгені жекешелендіреді. Болмаса, уақытша тұрып, ақша жинаған соң атына аударады. Ал баспана он жылға бөліп төлеуге беріледі. Алғашқы жарна шамамен 30 пайызды құрауы мүмкін деді мамандар. Алайда бұл тәртіптің бәрі заң қабылданғаннан кейін нақтыланбақ, - деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы Қарахан Қабиев Информбюроға берген сұхбатында.  

Ал Астана қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бас сарапшысының сөзіне қарағанда, елорданың балансында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз 5000-ға жуық жалға берілетін пәтер бар.

Үкімет оң шешім шығарды – «сатып алу құқығынсыз» деген ұғымды жойып, адамдарға жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беру. Қалдық құны не нарықтық құны деген секілді сату нұсқалары қарастырылды. Әрине, нарықтық болмайды. Қалдық құны бойынша болады. Қазір жекешелендіру тетігі қарастырылуда. Заң қабылданбайынша, түсініктеме бере алмаймын, бірақ жекешелендіру болады, - деген Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов.

Бас қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте 46 мың азамат тұр. Бұлар: көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мемлекеттік қызметшілер, халықтың әлеуметтік осал топтары, сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: