Мемлекетті кибершабуылдардан қалай қорғаймыз?

25 Қараша 2016, 08:13

Қазақстанда 2016 жылы әр компания кемінде бір кибершабуылға ұшыраған.

Адамзаттың технология тәуелділігі күн санап артып келе жатқанын барлығымыз жақсы білеміз. Технологияның дамуын өз мүддесіне пайдаланып,  өзгенің қаражатын жұмсап, мемлекеттің саяси тұрақтылығын бұзумен айналысатын адамдар бар десем — жаңалық ашпаймын.

 

Қазақстандағы әрбір қызмет мекемесі жылына кем дегенде бір рет кибершабуылға ұшыраған. Бұл «Лаборатория Касперского» компаниясының берген статистикасы. «Лаборатория Касперского» компаниясы мен «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ынтымақтастық жөнінде мәмілеге қол қойды.

Әлемге әйгілі   «Лаборатория Касперского» компаниясы Қазақстанда немен айналысады?

 

Басын ашып алайық, бұл компания Қазақстанға жаны ашығандықтан келген жоқ. Олардың басты мақсаты қызмет көрсетіп, ақша табу.

  1. «Қазақстандағы компаниялар кибершабуылдарға дайын емес» дейді, ресейлік мамандар. Сондықтан олар алдымен оқу-ағарту ісімен айналыспақшы. «Өте аз қаражатқа компания қызметкерлерін кибершабуылдың құрбаны болмас үшін не істеу керек екеніне үйретеміз» дейді «Лаборатория Касперского» компаниясының мамандары.
  2. Ал мекеменің кибершабуылға дайындығын тексертіп аламын десеңіз, ондай қызмет түрі де бар. Алайда бұл қызметтің құны шамамен 45 мың АҚШ долллары. Әрине аз ақша емес...
  3. Қазақстандағы ірі шикізат өндіруші компанияларға кибершабуылдар жүргізілетін болса, шығынның құны миллион доллардан асып жығылуы мүмкін. Елестетіп көріңіз. Мұнай шығарушы компания. Өндірілген мұнай вогонмен келіп үлкен цистернаға құяды. Егер жүйені басқарып отырған машинаның бір кодын өзгертіп жіберер болса, мұнай сыртқа төгіліп немесе машина істен шығуы мүмкін. Әлбетте бұл үлкен шығынға алып келеді. «Лаборатория Касперского» компаниясы мұндай шабуылдардың алдын алатын құрылғы ойлап тапқан. Ол кибершабуылдарды алдын алып, басшылыққа дереу хабар береді. 

Сабит Кожаметов: «Қазақстан инжиниринг»  R&D орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары және кеңесшісі:

— Біз үшін мұндай ынтымақтастықтың маңызы аса зор. Серіктестігіміздің басты мақсаты – министрліктің құрылымдары аясында ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу, сондай-ақ, қызметкерлерге жаппай білім беру. Ресей бізбен одақтас мемлекет. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласында біз бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.

 

«Өз дегеніне жеткен нысаналы шабуылдардың нәтижесінде  Қазақстандағы компаниялардың 10%-да бағалы ақпарат ұрланған», - деп атап өтті «Лаборатория Касперского» компаниясының аса маңызды инфрақұрылымды қорғау жүйелерін дамыту жөніндегі басшысы  Андрей Суворов. Оның айтуынша, аса маңызды кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз етіп отырған өнеркәсіптік жүйелерге жасалатын кибершабуылдардың саны  соңғы уақытта жиілеп кеткен. Көбінесе шабуылдар технологиялық үрдістерді автоматты түрде басқару жүйелеріне, диспетчерлік бақылау және деректерді жинау жүйелеріне жасалады. Ал соңғы 6 жылда хакерлер центрифуга, білдек және т.б. нақты бір нысандарды істен шығаратын немесе оларға әсер ете алатын вирустарды жасап үйренген. Оның үстіне, зиянды бағдарламалар қазірдің өзінде желінің оқшаулауынан өтіп, өте жақсы қорғалған компьютерлерге енуге қауқары жетеді.

Қазақстандық компаниялар киберқауіптерге қалай жауап қайтарып отырғандығы жөнінде «Лаборатория Касперского» компаниясының Орта Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры  Евгений Питолин келесідей түсініктеме берді: «Мәселенің қаржылық жағына қарайтын болсақ, біздің компаниялардың 31%  IT-бөлімшеге қарастырылған бюджеттің 5-10%-ын ғана ақпараттық қауіпсіздікке жұмсап отыр, ал бұл, шындығын айтқанда, соншалықты үлкен қаржы емес. Дегенмен, ірі бизнесте бұл мәселе жақсырақ шешім тауып отыр: корпорациялардың 29%-ы IT-бюджетінің 11%-дан 15%-ға дейінін ақпараттық қауіпсіздікке бағыттайды».

Қортындылай келгенде, мемлекеттің кибершабуылдарға төтеп бере алатын құрылымы міндетті түрде болуы қажет. Бұл заман талабы. Ал оны шетелдің компанияларына сеніп тапсыруға бола ма, жоқ әлде өз мамандарымызды дайындағанымыз дұрыс па, оны билік шеше жатар. Ал сіз қалай ойлайсыз?    


Рустем ӘЛПИ 

Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу: