Мемлекеттен субсидия алды деген Ахметовтің қызы туралы не білеміз?

5 Шілде 2023, 10:00 14246

Ұзақ жыл билікте болған, соңғы 9 жылда Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметовтің үлкен қызы Аделия Ахметованың Павлодар облысында ауыл шаруашылығы саласында бизнестері бар болып шықты. Тіпті, мемлекеттен субсидия да алатын көрінеді. Бұл туралы Үкіметтің куларында да айтылды. Ендеше, экс-әкімнің қызы туралы тағы қандай ақпараттар белгілі. El.kz ақпараттық агенттігі назар аударып көрді.

Аделия Ахметова – 1983 жылы дүниеге келген. 40 жаста. Аделияның күйеуі Ерлан Қойшыбаев «Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясында логистика бойынша басқарушы директор қызметін атқарады. 

Ал Аделияның негізгі шаруашылығы да, бизнесі де туған жері Павлодар облысында орналасқан.Отандық БАҚ-тардың жазуынша, ол күйеуінің арқасында қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы», «Ақтау теңіз сауда порты», Kcell, «Эйр Астана», KEGOC, QAZAQ AIR, «АстанаГАЗ ҚМГ», «Қазақтелеком», «Самұрық-Энерго», Досжан темір жолы, «Самұрық-Қазына» құрылыс, «Қазатомөнеркәсіп», «ТЕМІРЖОЛСУ», «ҚазТрансОйл», QazaqGaz, «Қазпошта», «Каустикалық», «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» компанияларында акциялық үлесі бар. 

Orda.kz порталының жазуынша, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-на иелік ететін «Қазақстандық сертификаттау және метрология орталығының» үлесіне жеке иелік етеді екен. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің жұбайы Аидамен бірге техникалық кендір егіп, қант қызылшасын жинап, қайырымдылық істерін де атқаратын көрінеді.

Үкімет кулуарында тілшілер ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен Даниал Ахметовтің қызы Павлодар облысында жеке кәсіпкер ретінде субсидия алып отырғанын айтқан. Министр «Әкесі кім, күйеуі кім - біз үшін айырмашылық жоқ» деп айтты. Заңға сай болса субсидия алады деді. Аделия Ахметова негізінен «Маяк» шаруа қожалығын құрған. Негізгі қызметі аралас ауыл шаруашылығы. ЖШС өз тұтынушыларына картоптың, қызылшаның және сәбіздің элиталық сорттарын сатады. Шаруа қожалығында субсидия есебінен салынған көкөніс қоймасы бар.

Бұл – Павлодар облысындағы ең ірі шаруашылықтардың бірі. Ол өндірген картопты Қазақстанның барлық өңірі сатып алады. Сонымен қатар, шаруашылық көршілес елдерден де картоп импорттаумен айналысады. 2015 жылы ШҚ сүт-тауар фермасын да пайдалануға берді. 2016 жылдың қазан айына қарай республикалық сүтті мал шаруашылығы палатасының мәліметтері бойынша «Маякта» 652 симментальды сиыр болған.

Айтпақшы, ШҚ мемлекет тарапынан назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, 2011 жылы шаруа қожалығы жобалық қуаты 12,2 мың тонна көкөніс қоймасын пайдалануға берді. Жобаның жалпы құны 1,1 миллиард теңгені құрады, оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша қаржыландыру - 917,1 миллион теңге. «Маяк» сонымен қатар мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру бағдарламасы бойынша бюджеттен субсидия алатын фермалар мен шаруашылықтар тізімінде болды (бұл өтеусіз мемлекеттік қаржылық көмек). «Маякқа» 2012 жылдан 2016 жылға дейін 219,3 миллион теңге бөлінді.
2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» аясында мемлекеттен 130 миллион теңге субсидия алған.

Аделия Ахметованың бизнесі мұнымен шектелмейді. Сонымен қоғамдық жұмыстармен де айналысатын көрінеді. Мысалы, Дариға Назарбаеваның келіні Аида Әлиевамен бірлесіп, «Жаным» қоғамдық бірлестігін құрған. Онда  балалар мен жасөспірімдер мен ата-аналарға тегін психологиялық көмек көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тілшілерге Даниал Ахметовтің қызына қатысты субсидияны заңды негізде алды ма, жоқ па? деген сұраққа байланысты сұрау жасайтынын айтты. Шешімді ауыл шаруашылығы басқармасы және құқық қорғау органдары қабылдайды деп отыр.

Алмас Абылай
Бөлісу: