Мемлекетіміздің мәртебесі биіктеп, рухы асқақтай берсін – Үкімет басшысы

25 Қазан 2022, 12:16 1276

Тәуелсіз еліміз өзінің төл тарихында биыл тұңғыш рет 25 қазанды ұлттық мейрам ретінде атап өтеді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Ресрпублика күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz. 

"Тәуелсіз еліміз өзінің төл тарихында биыл тұңғыш рет 25 қазанды ұлттық мейрам ретінде атап өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осынау айтулы күннің бүгінгі және келешек ұрпақ алдындағы тарихи тағлымын алға тартып, еліміздің ең басты мерекесі Егемендік күніне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Егемендік декларациясы халқымыздың азаттық жолындағы мәңгілік мұратын ақиқатқа айналдырған қастерлі құжат, тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадамының айшықты символы болып қала бермек. Ел жадында қайта жаңғырған мерейлі мереке мемлекеттігіміздің жаңа дәуірінің бастауына, мызғымас бірлігіміздің берік тұғырына айналғай", - деді Үкімет басшысы.

Сонда-ақ ол тәуелсіздігімізді нығайтуға қалтқысыз қызмет ету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз екенін айтты.

"Біз – егемендік пен елдік, бейбітшілік пен келісім сияқты қасиетті құндылықтарды әрқашан ұлықтай білген халықпыз. Сондықтан тәуелсіздігімізді нығайтуға қалтқысыз қызмет ету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Мемлекетіміздің мәртебесі биіктеп, рухы асқақтай берсін!", - делінген Ә.Смайыловтың құттықтауында.

Бөлісу: