Мемлекет болған халықпен барлығы санасады

15 Қыркүйек 2015, 11:40

Қазақ хандығының 550 жылдығы – үлкен той. Осыны дүркіретіп өткізіп жатқанымыздың мәні зор.

Қазақ хандығының 550 жылдығы – үлкен той. Осыны дүркіретіп өткізіп жатқанымыздың мәні зор. Әрбір халықтың тарихы бар. Біздің, қазақ халқының тарихы тереңде, сонау Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын ордадан келе жатыр. Ал, бірақ қазақ этонсы бұрыннан болған. Біздің мемлекеттік тарихымыз 550 жыл бұрын, Керей хан мен Жәнібектің бөлініп шыққан тұсынан басталған. Хандықтың керметтігі мынада, біз мемлекетпіз ғой, мемлекет болғаннан кейін, сол уақыттан бастап халық ұлтқа айнала бастайды, бұл бір. Екінші, халық өзінің тәуелсіз екенін, үшінші, өркениетті ел болғанын көрсетеді. Оның басқа елдермен шекарасы, сыйластыққа негізделген қарым-қатынасы, сыртқы, ішкі саясаты, жеке әскері болады. Осы уақыттан бастап, мемлекет болған елмен басқа елдердің барлығы санасады. Халықтың тарихы, оның рухани өмірі, мәдениетінің дамуы, оның тілінің дамуы ерекше жағдайға келеді. Мемлекеттің өзіндік мәдениеті, тілі қалыптасады.

Қазақ ертеден келе жатқан халық болғанмен, көпке дейін әртүрліше аталып келді. Бір заманда «түрік» деп түріктердің ішінде жүрсе, бір заманда «қыпшақ», одан кейін «Алтын орда» деп аталып жүрді. Одан келе бере, мынау арғын, мынау найман, мынау үйсін деп, руға бөлінді. Ал енді, осы 550 жылдан бері біз «қазақ халқы» деп аталып келеміз. Халықтың тарихы тереңде жатқанмен, «қазақ мемлекеті», «қазақ» деген атау осы уақыттан басталады. Сондықтан да, бұның мәні өте зор.

Біз 1731 жылы мемлекетімізден айырылып қаламыз деп Ресейге қосылдық. Сол кезде бас бостандығымыздан айырылдық. 1922 жылы автономия, 1936 жылы республика болдық. Бірақ ол кезде жартылай ғана мемлекет едік. Себебі, бізде әскер болған жоқ. 1991 жылы желтоқсанның 16-сы біз егемен ел болдық. Бұның тарихтағы мәні керемет. Оны сол кезде біз айтып жүрдік. Бұны тек қана атқан таңмен, шыққан күнмен салыстыруға болады. Себебі, егемен елдің азаматы деген ол басқа. Мысалы өз мемлекетіңіз болмаған уақытта, сізге қанша жақсы қараса да, сіз жетім бала сияқтысыз. Ал енді мынау өзіңнің мемлекетің болғанда, «менің мәдениетім осы үкіметтің негізгі мәдениеті», «менің тілім негізгі тіл» дегеннің өзі керемет дүние. Сондықтан, біздің тәуелсіз мемлекет болғанымыз – бұл үлкен ұғым. Осының басы 550 жыл бұрын Керей хан менен Жәнібектің, солардың еңбегімен жасалған нәрсе.

Біз егмендік алғанға дейін біздің тарихымыз бұрмаланып келді. Басқа халықтардың барлығы патшаларын мақтайды. Мысалы, «Петр I керемет болған», деп айтып жатады. Ал, біз совет үкіметі кезінде «мынау қыранымыз жақсы», деп айтып көргеніміз жоқ. Біздің ең керемет қыранымыз – Абылай. Сол Абылайдың өзін өмірде аузымыз толтырып, «Абылайдың уақытында қазақтың жері керметтей болған», деп айта алмадық. Сол сияқты, біздің мәдениетімізде де тексерілмеген нәрселер толып жатыр. Біз осыларды зерттеуді тек жаңа ғана бастап жатырмыз. Біздің әлі қопаратын, архивтерден білетін нәрселер әрі көп. Себебі біздің хандықтың туының өзі, қыпшақ тарихы, «Әр дәуірдегі біздің мәдениетіміз қандай?», «Ол уақыттарда кімдер болып еді?» сол туралы деректер бізде әлі көмескі. Бізде археология жағы ғана жақсы дамып келе жатыр. Сондықтан, біз қазір өзіміздің тарихымызға терең үңілімуіміз керек.

Жабайхан Әбділдин, ҚР ҰҒА академигі,

философия ғылымының докторы, профессор

Бөлісу: