Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді

5 Шілде 2022, 11:02 1062

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында биылғы жылы болжам бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетіндігін айтты, – деп хабарлайды El.kz.

Бұл 138 мың отбасының баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

– Жалпы   жыл басынан бері бұл салада оң динамика қалыптасып отыр. 5 айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 39 мың отбасын жаңа баспанамен қамтуға жағдай жасайды, – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар премьер-министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірленгендігі туралы айтты.

– Ол бірінші кезекте, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – Отбасы банкі. Сонымен қатар, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері әзірленді. Онда арендалық төлемді субсидиялау және ауылды жерлерде   тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары бар, – деді премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша биыл жаңа механизмдер есебінен 70 мың азаматқа үйді жалға алу үшін субсидия беру және ауылды жерлерде 2,8 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр.

Бөлісу: