Жақында Президент қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында жастарға айрықша назар аударып, жас мамандарға мемлекеттік қолдау керек екенін баса айтқан еді. Жас мамандар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылады. Алайда, олардың өмірде орын тауып, кәсіби салада жетістікке жетуі үшін белгілі бір қолдаулар қажет. Осы ретте El.kz тілшісі қазіргі таңда Қазақстанда жас мамандарға арналған мемлекеттік қолдаулар мен олардың дамуы мен әлеуетіне тоқталды.
Президент өз сөзінде: «Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын», – деді «Ana tili» газетіне берген сұхбатында.
Мұндай қолдаулар жастардың кәсіби тұрғыда жетілуіне, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына және әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстан жастарының саны ел халқының үштен біріне жуық 5 759 781 адамға жетті. Бүгінде елімізде жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сияқты түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Бағдарлама аясында жастар жұмысқа тұра алады.
Жастар саясатын жүзеге асыру аясында жастарды қолдау және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Оларды жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету бойынша бірқатар гранттық жобалар жүзеге асырылды.
2024 жылғы Қазақстан жастарымен жұмыс істеудегі басты бағдар – Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Бұл – адалдық, әділдік пен еңбекқорлықты насихаттау.
Осылайша, жастар ұйымдары мен жастар ресурстық орталықтары «Таза Қазақстан» республикалық акциясын ұйымдастыруға белсенді атсалысты. «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен 35 мыңға жуық жас қамтылды.
NEET санатындағы жастардың жұмысқа орналасуына да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда олардың саны 160 мыңнан асады. Бұл – білімі, жұмысы жоқ жас қазақстандықтар. 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі NEET санатындағы жастар бастамаларын қолдау үшін «Zhas project» жобасы аясында 280 грант бөлді.
Жұмыспен қамтуға ықпал ету мақсатында Астанада 2023 жылдан бастап «Jol Tap» бағдарламасы, ал 2024 жылдан бастап Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында «Jumys Tap» бағдарламасы іске қосылды.
2024-2026 жылдарға республикалық жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бойынша жол картасы әзірленді.
Сонымен қатар, қазақстандық жастардың халықаралық тәжірибе мен өзара байналыс орнатуына жағдай жасалуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді. Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржы қаражатын тұрақты жинақтау мақсатына арналған.
Мемлекет ЖОО студенттері үшін стипендияларды ұлғайту бойынша жоспарлы жұмысты жалғастыруда.
2025 жылы ЖОО және колледж студенттері үшін стипендия 2 есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе артады.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттеріне стипендия 52 372 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттардағы білім алушыларға – 84 000 теңгеге дейін, магистранттарға – 117 098 теңгеге, докторанттарға – 262 500 теңгеге дейін өседі.
Интернатурада оқитын студенттерге стипендия – 94 862 теңге, ал резидентурада – 134 664 теңге көлемінде төленетін болады.
Қазақстанда жас мамандарға түрлі мемлекеттік қолдау шаралары бар, олар білім алудан бастап, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй мәселесін шешуге дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Мемлекеттік гранттар мен стипендиялар: Жас мамандарға жоғары білім алу үшін мемлекеттік гранттар беріледі. Бұл гранттар оқу ақысына толық немесе ішінара төлеуге мүмкіндік береді.
Әртүрлі мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар жастарға арналған арнайы стипендиялар ұсынады.
Жастарға халықаралық бағдарламалар бойынша шетелде білім алу үшін гранттар мен мемлекеттік бағдарламалар ұсынылады, мысалы, «Болашақ» бағдарламасы.
Жас мамандарға жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында арнайы жастар практикасы ұйымдастырылады. Ол жұмысқа орналасуға және кәсіптік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекет жас мамандарды жұмысқа қабылдайтын кәсіпорындарға субсидиялар береді, бұл өз кезегінде жас мамандардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді.
Қазақстанда жұмыссыздықты төмендету үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.
Мемлекеттік қолдау аясында жас мамандарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие немесе жалға алу мүмкіндіктері қарастырылған.
Жастарға арналған арнайы несиелік бағдарламалар мен жинақ жүйелері бар, мысалы, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жастарға тұрғын үй алу жеңілдіктері ұсынылады.
Қазақстанда жас кәсіпкерлерге арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар бар. Мұндай бағдарламалар арқылы жастар бизнес бастау үшін қаржылық көмек алады.
«Бастау Бизнес» жобасы: Бұл бағдарлама жас кәсіпкерлерге бизнес-жоспар құру, кәсіпкерлік негіздерін үйрету, қаржылық көмек көрсету сияқты мүмкіндіктер ұсынады.
Қазақстанда жас мамандар үшін осы және басқа да көптеген қолдау шаралары бар, олар мемлекеттің жастарды еңбек нарығына бейімдеуге және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы мүмкіндіктердің көбі түрлі бағдарламалар мен жобалар аясында жүзеге асырылады.