Мемлекет педагогтерге жағдай жасап отыр – ардагер ұстаз

5 Қазан, 12:00 766

Дана халқымыз мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы деген. Бүгінде ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Өмірінің 50 жылын ұстаздық жолға арнаған, оның 18 жылында колледж директоры қызметінде жүрген ардагер ұстаз Алма Әшірбековамен El.kz тілшісі әңгімелесті.

Ұстаздық жолда 50 жыл еңбек өтілі бар Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінің директоры Алма Әшірбекова алғашқы еңбек жолы 1973 жылдың тамыз айында басталған. Атбасар ауданының Ново-Мариновка жалпы орта білім беру мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа тұрады. Екі жыл осы мектепте жұмыс істеген соң, 1975 жылы кәсіптік мекемеге ауысады. Осылайша, 49 жыл кәсіптік білім беру жұмыс істейді.

2007 жылдан бастап Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінің басшылық қызметіндемін. Мен өзім тарихшымын. Екі жоғарғы дипломым бар. Астанада мықты бір оқу мекеме педагогикалық колледжіге 1983 жылы жұмысқа орналастым. Одан кейін маған Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінің директоры болуға ұсыныс түсті. Содан бастап бұл оқу орнында еңбек етіп жатқаныма биыл 18 жыл болды, – дейді Алма Әшірбекова.

Ардагер ұстаздың бүгінгі білім жүйесіне көңілі толатынын жеткізді. Заманауи технологиялардың дамыған заманында кәсіптік білім беру мекемелерде жаңа трансформация мен жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Жаңа оқу бағдарламалар енгізіліп, еліміздің колледждеріне академиялық еркіндік берілді. Осыдан бастап біз арнайы курстарды енгізуге құқығымыз бар деген сөз. Қазір цифрлық сауаттылықты енгізу үстіндеміз. Қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникативті технологияларды пайдалану үшін интернет желісімен жабдықталған компьютер кластары, арнайы пән кабинеттері бар, – деді ардагер ұстаз.

Елу жыл тынбай еңбек еткен ардагер ұстаздың еңбегі бағалануға әбден лайық. 1989 жылы «Еңбек сіңірген мұғалім», 2004 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» наградасын алса, 2023 жылы «Арадгер ұстаз» медальімен марапатталған.  

Қазір мемлекет педагогтерге жағдай жасап жатыр. Педагогтердің құқығын қорғау туралы заң да шыққанын білесіздер. Мұғалімдердің құқығы тапталмай, қорғалады деген сөз. Бұдан өзге қазір біліктілікті арттыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Білім беру үдерістерінің өзгеруіне колледждерде де мектептерде де назар аударылуда. Сондай-ақ жақында Президент қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін және жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау керегін айтқан болатын, – дейді Алма Әшірбекова.

Бүгінгі таңда аталмыш колледж орта кәсіптік білім алуға ұмтылған, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді дайындайды. Еуразия гуманитарлық институтының базасында үздіксіз кәсіби білім алуға жағдай жасалған. Колледж ашылған күннен бастап экономиканың әртүрлі салаларында табысты қызмет ететін екі мыңнан астам мамандарды дайындаған.

Сондай-ақ ұжымның 72 пайызы – жоғары және бірінші санатты оқытушылар. Олар тек пән мұғалімдері ғана емес, сонымен қатар колледждерді аттестаттау және аккредиттеу жөніндегі комитеттердің сарапшылары, ғылыми-әдістемелік іс-шаралардағы рецензенттер мен кеңесшілер. Олардың жетістіктері «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы», «Білім берудегі үздіктер»» атты халықаралық энциклопедияларға енгізілген.

Мен мектепке бір мерекеге жиналғандай көңіл-күйде барамын. Студенттерімді қатты жақсы көремін. Олардың әрқайсысының жетістіктерін бағалаймын. Оларда алғысын айтып жатады. Әртүрлі мерекеоік шараларға белсенді қатысуға, өздерін дамытуға бар жағдай жасап жатырмыз. Өте қызықты көптеген жобаларымыз бар, – деді ұстаз.

Жұмыста ұстаз болса, үйде аяулы жар, аяулы ана Алма Әшірбекова балаларына, немерелеріне үлкен қамқорлықпен қарайтынын, әрдайым жол көрсетіп отыратынын жеткізді.

Екі балам бар. Біреуі ұл, екіншісі қыз. Үлкен қызым 3-4 жыл мұғалім болып жұмыс істеді. Қазір балаларын тәрбиелеп отыр. Ұлым басқа салада, – деді.

Көп жыл басшылықта жүрген Алма Әшірбекова ұстаздарды мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Мен өз әріптестеріме өте ризамын. Олардың осы саланы таңдағанына және көптеген білімді, дарынды шәкірттерді тәрбиелеп жатқанына алғыс айтамын. Міндетті түрде еңбектері бағаланады деп сенемін, – деді Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінің директоры Алма Әшірбекова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: