Мемлекет күші – елдің бірлігінде!

12 Қараша 2019, 18:05 2182

Алматыда республикалық Достық үйінде «Халықтың бірлігі – Елдің күші» атты Қазақстандағы әзербайжан этносының мәдениеті және салт-дәстүріне арналған іс-шара өтті.


Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, «Әзербайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Хамедов, Әзербайжан Республикасының Алматы қаласы өкілдігінің консулы Р.Рзаев, қалалық мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам институттары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.


Фестиваль аясында «Халықтың бірлігі – Елдің күші» тақырыбында дөңгелек үстел, қолданбалы өнер көрмесі, «Кітап – халықтың жан дүниесін білудің кілті» атты кітап көрмесі, шығармашылық ұжымдардың концерті, сондай-ақ «Достық дастарханы» әзербайжандардың ұлттық асханасы тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру, қазақстандық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараның Ассамблея қызметінде өзектілігі жоғары.


Жалпы, бүгінде Қазақстан аумағында 110 мыңға жуық әзербайжан этносының өкілдері тұрады. Олардың дені Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарын қоныстанған. Әзербайжандардың алғашқы «Тұран» этномәдени бірлестігі 1992 жылы ресми түрде тіркеуден өткен болатын. Ал 2007 жылы «Әзербайжандар Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда ел аумағында 32 әзербайжан этномәдени бірлестігі бар. Әзербайжан тілінде «Ватан» газеті шығарылады.


Әзербайжан халқы қазақтармен тамырлас, түркі әлемінің бір бөлшегі болып табылады. Тіпті біздің елдеріміздің тұрмыс-тіршілігінде де ұқсастық өте көп. Әзербайжандардың Қазақстанға қоныс аударуы өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы саяси қуғын-сүргінмен байланысты. Әзербайжан этносы Қазақстандағы санының көптігі бойынша 10-шы орында.


Салтанатты жиында сөз алған Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев әзербайжандар қауымдастығының мүшелері этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етіп, еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне үлес қосып отырғанын айтты. «Әзербайжан этносының қазақ халқының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ұл-қыздары аз емес. Соның ішінде, әсіресе, Асылы Османның есімі жұртшылыққа қайраткер, тіл жанашыры ретінде етене таныс. Сондай-ақ, олимпиада чемпионы, ауыр атлет Ниджат Рагимов, қазақстандық былғары қолғап шебері Галип Жафаров, Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магерамовтың есімдері де елге белгілі», - деді Ж.Түймебаев.


Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы Президент Жолдауында міндет етілгендей, қазақстандық азаматтық қоғамды жалпымемлекеттік өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға тарту туралы мәселені де тілге тиек етті. «Азаматтық қоғам – бұл біз бен сіз, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы және осы залда отырғандардың әрқайсысы. Ассамблея әруақытта өз миссиясын мінсіз орындап, біздің қоғамды толғандырған мәселелерді ашық талқылап келеді, барлық мәселеде шешімді азаматтық диалог арқылы шешуге күш салады», - деді Ж.Түймебаев.

Әзербайжандық этномәдени бірлестіктің қызметінің маңызды бағыттарының бірі – қайырымдылық. Жыл сайын осы мақсатта мүгедек балалардың арнайы мектептері мен интернаттарын жөндеуге қаржы бөлініп, жетім балалар үйіне материалдық көмек көрсетіліп отырады. Сондай-ақ, бірлестік мүшелері көпбалалы аналарды, аз қамтылған отбасыларды тұрақты қорғаншылыққа алған.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: