Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды

3 Желтоқсан 2022, 17:05 1728

2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа, заманауи, жайлы мектептер ашылады

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жоба өзінің ауқымы мен өзектілігі жағынан ерекше. Сондай-ақ оған ұқсас ешқандай жоба жоқ екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, ол толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылған, - деп жазды Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов. 

Соңғы 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн балаға өсті және бүгінгі күні бала саны 3,7 млн-ға жетті. Ал урбанизация, көші-қон, мектеп ғимараттарының тозуы және жаңа құрылыс сияқты факторларды ескере отырып, көрсетілген 1 млн оқушыға, әсіресе қалаларда оқушы орындарына қосымша қажеттілік туындады.

Енді ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа, заманауи, жайлы мектептер ашылады.

«Жайлы мектептің» алдыңғы жобалардан айырмашылығы неде?

Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады.

Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады.

Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр.

Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.

Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі.

Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1 200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады.

Жаңа мектептерде мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.

Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстармен проблемалар туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешіледі. 

Бесіншіден, жайлы мектептер салуда барынша ашықтық сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады.

Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді.

Яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы бірауысымды оқытуға кезең-кезеңімен көшуге қатысты үлкен міндет қойып отыр. Жоба аясында көптеген мектеп осындай бірауысымды жұмыс режиміне кезең-кезеңімен көше бастайды, - деді министр.

EL.KZ
Бөлісу: