Мемлекет басшысы өзінің лауазымында көп отырса, соғұрлым саяси монополия орнайды

2 Қыркүйек 2022, 10:56 1716

Қаңтар оқиғасына қатысты мәлімдесі халықтың көңілінен шығатын ізгілік, адамгершілік қадам деп есептеймін

Мәжіліс спикері Президент Жолдауында айтылған басты бағыттарды саралап, негізгілеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz.

Ол Президенттік мерзімнің қысқаруы жайында пікірін білдірді.

«Шынында да, бұл күтпеген жағдай болды. Тек қана, мемлекетіміз үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін жаңалық болды деп айта аламын. Қазіргі кездегі өркениетті жолға бастайтын үлкен жаңалық деп айтар едім. Көптеген елдерді көріп жүрміз, неғұрлым мемлекет басшысы өзінің лауазымында көп отырса, соғұрлым саяси монополия орнайды. Билік, капитал, байлық та бір топтың қолына шоғырлана бастайды. Бұл мемлекеттің дамуына үлкен кесірін тигізеді», - деді мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.  


Мәжіліс төрағасы елдің көкейінде жүрген Президент Жолдауында атап өткен тағы бір мәселеге тоқталды. Спикер қаңтар оқиғасына қатысты мәлімдесі халықтың көңілінен шығатын ізгілік, адамгершілік қадам деп есептейді.

«Қаңтар оқиғасы өкінішке орай, біздің еліміздегі мемлекетіміздің тарихындағы, тағдырындағы өте қасіретті кезең болды. Құқық қорғау органдарының тарапынан тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оқиғаға қатысқандарды бірнеше категорияға бөліп қарастыруға болады. Оның ішінде ұйымдастырушылар, халыққа оқ атқандар, тонаушылар, орасан зор зиян келтіргендер бар. Екінші жағынан алдауға түсіп, әсіресе ілесіп кеткен жасөспірімдер бар. Депутаттар осы іспен айналысты. Мемлекет басшысы оқиғаға қатысты рақымшылық жариялауды айтты», - деді Ерлан Қошанов.    


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: