Мемлекет басшысы Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады

Бүгiн, 15:20 115

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесті,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы қазақ-түрікмен қарым-қатынастары барлық бағытта достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанына назар аударды. Қазақстан президенті Ашхабад бастамашы болған Бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Бұл Түрікменстанның бейтарап саяси ұстанымының 30 жылдығымен қатар келіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның бітімгершілік бастамаларының маңызы зор екенін айтып, оны табысты жүзеге асыру үшін Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті. Екі ел арасында экономикалық байланыстар қарқынды дамып, мемлекеттер мүддесіне сай келетін өзекті мәселелер конструктивті тұрғыдан ілгерілеп келеді.

Рашид Мередов Мемлекет басшысына Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің ыстық ықыласын жеткізді. Министрдің айтуынша, қазақ-түрікмен ықпалдастығы стратегиялық сипатқа ие, сонымен қатар берік әрі ұзақмерзімді перспективаға құрылған. Осы ретте түрікмен делегациясы Ашхабадтың Астанамен мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Әңгімелесу барысында энергетика, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: