Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар министрін қабылдады

12 Шілде 2023, 12:31 1042

Президентке Сырым Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары мен жоспары жөнінде баяндады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысына министрлікте алдағы уақытта жүзеге асырылатын трансформация және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға бағдарлау көзделіп  отыр.

Оқи отырыңыз:

Сонымен қатар Президентке құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық  базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту жөнінде ақпарат берілді.

Сырым Шәріпханов халықты алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге айрықша мән беріліп отырғанын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке төтенше жағдайлардың санын азайту, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

EL.KZ
Бөлісу: