Мемлекет басшысы СOP29 аясындағы Қазақстан павильонына барды

13 Қараша, 16:31 1026

Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінде ұсынылған Қазақстанның экспозициясымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрме еліміздің мәдениетін, инновациялық және экологиялық жобаларын паш етеді. Кеңістік табиғи материалдарды пайдалана отырып этностильде безендірілген. Осылайша ұйымдастырушылар халқымыздың дәстүрді берік сақтайтынын әрі экологиялық ұстанымды қолдайтынын көрсеткен.

Президентке жасыл сутегін өндіретін Hyrasia One болашақ зауытының макеті таныстырылды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысына Гүлфия Мелдештің сайғақ мүсіндері және отандық экологиялық өнімдер көрсетілді.

Павильонға келушілер Қазақстанның биоалуантүрлілігі, сондай-ақ сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі төніп тұрған Тұран жолбарысы, Пржевальский жылқысы, киік және қар барысы секілді түз тағыларын қайта көбейту мақсатында елімізде қабылданған шаралар жөнінде мағлұмат алады.

EL.KZ
Бөлісу: