Мемлекет басшысы Шушада өткен бейресми саммитте коммуникация саласын маңызды бағыт ретінде атады

6 Шілде, 17:15 1680

Мемлекет басшысы коммуникация саласын келесі маңызды бағыт ретінде атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр Бұл жоба елдеріміз арасындағы байланыстың сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіміне жағдай жасайды. Жасанды интеллект және спутник жүйесі сияқты озық технологияның әлеуеті де зор. Біз жасанды интеллект саласы кадрларын даярлау мәселесіне баса мән береміз. Осы ретте арнайы мектептер желісін құруды көздеп отырмыз. Ол әлемдегі озық компаниялардың платформасына негізделетін болады. Біз Орталық Азияда IT-стартаптармен айналысатын «Astana Hub» технопаркін құрдық. Баршаңызды осы хабтың әлеуетін пайдалануға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елдеріміз үшін төл өркениетіміз бен ана тілімізді сақтау мәселесі айрықша маңызды екенін атап өтіп, жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттық өзгерістерді бақылаудың мәні зор.

Сарапшылар әлемдегі орташа температура 1,5 цельсий градустан көтерілуі мүмкін дейді. Оның ықтималдығы 80 пайыздан асты. Яғни, климатқа қатысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Жер шарының әр түкпірінде болып жатқан аптап ыстық, орман өрті, қуаңшылық пен су тасқыны – осының айқын дәлелі. Біз түркі әлемімен бірлесіп, климат мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайынбыз. Осы ретте биыл Әзербайжанда өтетін СОР29 климат конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды. Біз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климат саммитін өткіземіз. Саммиттің жұмысына түркі бауырларымыз белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: