Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

1 Қаңтар 2023, 00:05 1185

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтау сөзі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі  Ақордаға сілтеме жасап. 

«Міне, біз қазір бір ел болып, Жаңа жылды қарсы аламыз. Оны бәріміз ізгі ниетпен күтіп отырмыз. Осы сәтте мерекелік көңіл-күймен бір-бірімізге ақ тілек айтамыз. Болашаққа сеніммен қарап, жоспар құрамыз. Миллиондаған азаматтарымыз сияқты мен жаңа жыл жарылқасын деп келешекке үмітпен қараймын. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін оңай болған жоқ, күрделі болды. Қаңтар айында тәуелсіздік тарихындағы зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық. Төл тарихымызға қарасақ, жұртымыз көптеген сындардан шыңдалып шыққан. Біз де қиындықтарды артқа тастап, алға қарай нық қадам бастық.

Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды. Біз мемлекеттігімізді нығайтып, жаңару және жаңғыру жолына түстік. Жалпыхалықтық референдум өткізіп, шын мәнінде жаңа Конституциямызды қабылдадық. Онда нағыз әділдік рухы көрініс тапты.   Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламент жүйесінің реформасын бастадық. Халқымыз ауқымды өзгерістерге қолдау білдірді. Сайлау жүйесіне жаңа ережелер енгізілді. Президент сайлауы ашық және әділ өтті. Мұның бәрі еліміздің саяси жүйесін жан-жақты жаңғырта түсті. Әкімшілік-аумақтық реформа жасадық. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Ең өзекті мәселелерді ауқымды диалог арқылы шешетін болдық. «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі берілді.

Биыл еліміз үшін несібелі жыл болды. 400 мыңға жуық сәби дүниеге келіп, көптеген отбасының шаңырағы бақытқа толды. Біз балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердік. Бұл – өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам. Диқандарымыз 23 миллион тонна астық жинады. Бос жатқан 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бірнеше ірі өндіріс іске қосылды. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. «Қазақстан халқына» қоры құрылды, соның арқасында көптеген азаматқа нақты көмек көрсетіліп жатыр. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда көк туымызды желбіретті. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық, бірқатар алпауыт елдердің сенімді серіктесі атандық. Осылайша, Барыс жылы ауқымды өзгерістер мен жаңа дәуірдің бастауы болды», – деді Президент республикалық телеарналардың эфирінде.

EL.KZ
Бөлісу: