Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловты қабылдады

9 Тамыз 2022, 17:40 842

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловты қабылдады, – деп хабаралайды El.kz. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндалды.

 Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта ЖІӨ өсімі 3,2 пайызды құрады. Тауарлар өндірісі 3,3 пайызға, көрсетілген қызметтер 2,4 пайызға артты. Құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ көлік және байланыс салаларында айтарлықтай өсім бар. 

Премьер-Министр Президентке Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу шараларына қатысты мәлімет берді. Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын орындап келеді. Премьер-Министр инфляция деңгейін төмендету, экономиканы демонополизациялау, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. 

Әлихан Смайылов құны 22,2 триллион теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Үкімет басшысы Президентке Қазақстанның 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. 

Президент құрылымдық реформалар мен экономиканы демонополизациялауды жалғастырып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сондай-ақ халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу: