Мемлекет басшысы Еуропа одағына ризашылығын білдірді

7 Желтоқсан 2023, 12:40 817

Мемлекет басшысы Еуропа одағының Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускасты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесуде Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастардың басым бағыттары қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа одағымен стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға бейілділігін, сондай-ақ еліміздің бастамасымен қолға алынған С5+ЕО форматы аясындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін растады.

Президент саяси реформалардың табысты жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып, демократияны нығайту ісінде Қазақстанды қолдағаны үшін Еуропа одағына ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында аса маңызды шикізат материалдары, «жасыл» экономикалық өсім, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: