Мемлекет басшысы ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесті

3 Маусым, 15:04 437

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеалаға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Сіздің басшылығыңызбен көпжақты халықаралық сауда жүйесі қазіргі кедергілерді жоюға және тең жағдай жасауға бағытталған үлкен трансформациядан өтетініне сенімдіміз. Сіздің Алматыға сапарыңыздың маңызы зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тығыз ынтымақтастығымыз үшін өзіңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Ұйымға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету – Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Аталған жиын барысында ДСҰ мүшелері ұйымды реформалау туралы маңызды шешімдер қабылдай алды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, күшейіп келе жатқан жаһандық протекционизм мен сауда шектеулеріне қарамастан, Қазақстан экономикасы ашық ел ретінде өз позициясын нығайта түсуге ұмтылады. Қазіргі кезде біз әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасаймыз. Соңғы үш жылда еліміздің сыртқы саудасының көлемі 53 пайызға ұлғайып, 160 миллиард долларға жетті.

Президент жуырда Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын жеткізді. Бұл құжат әділ бәсекені күшейтуге, кәсіпкерлік еркіндікті сақтауға және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға бағытталған.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: