Мемлекет басшысы бірқатар заңға жария түрде қол қойды

5 Қараша 2022, 13:00 1285

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Президент биыл маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды, деп хабарлайды El.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев референдум нәтижесінде билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндік туғанын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын айтты.

– Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Парламент жан-жақты зерделеп қабылдаған әрбір заңнамалық бастаманың гуманистік және құқық қорғау бағыттары айқын.

Заңдағы өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастайды. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады.

Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзіреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр.

Бас прокуратураның  да құқық қорғау функциясы күшейтілді.  Бұл саланы одан әрі кешенді дамыту мемлекет үшін әрқашан басым бағыт болады.

Президенттің айтуынша, еліміздің басты байлығы – бұл біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы орайда жақында Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар.

– Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет,  – деді Мемлекет басшысы.

Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті.

– Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депуттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады.

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы. 

Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады.   Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді.

Заңға қол қою рәсіміне кіріспес бұрын Президент осындай аса маңызды заңдарды шұғыл әрі сапалы қабылдаған депутаттарға, жемісті жұмыс атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне, сондай-ақ заңнамалық актілерді әзірлеуге жан-жақты атсалысқан барлық азаматқа  ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды. 

Олар:

1. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

2. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы

3. «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

4. «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

5. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

6. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

 

\

EL.KZ
Бөлісу: