«Мемлекет» болып қалудың бір ғана амалы – Ұлттық бірлік

4 Қараша 2014, 04:24

«Мемлекет» болып қалудың бір ғана амалы – Ұлттық бірлік

Мемлекеттіктіліктің іргетасы – Ұлттық бірлік. Бұл аксиома. Қазақ қай заманда болсын бірліксіз қылған тірліктің алға баспайтынын көрді және бойына сіңдірді. КСРО тұсында – «ұлттық бірлік» деген сөзді жатсынып, «интернационалдық бірлік» ұранын ту еткеніміз де рас. Өйткені, осы­ған ұмтылған ұлтымыз да, ұлтымыздың маңдайалды ұлдары мен қыздары да сол рухы, сол ойы, мақсаты үшін отарлау саясаты мен тоталитарлық жүйенің билі­гі­нен жазықсыз жапа шекті. Міне, бүгінде еліміз егемендігін алып, бейбіт ғұмыр кешудеміз. Біздің санамызды, ойымызды, мақсатымызды да ешкім өзгерте алмайды және бәрін өзіміз басқарамыз.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арналған Жолдауында: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы, – дей отырып, Егеменді дамудың 23-жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтарды санамалап көрсетті. Соның ішінде ең басты құндылық, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі деді. Ал, тәуелсіздік дегеніміз – елдің егемендігі, халықтың бостандығы, сана еркіндігі. Елдің аңсарлы азаттығы, елшілдік-ұлттық санасы, тарихымен қоса, рухани құндылықтары, рухы. Бұл бірнеше ғасырлар бойы халықтың армандаған қасиетті ұғымы. Арман болып жеткен тәуелсіздігімізді, ендігі жерде сақтап қалу біздің халқымыздың ең қасиетті борышы екені анық. Ал, Жолдауда көрсетілген екінші құндылық, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Біздің халқымыз – өзгеге қыспақ көрсетпек түгіл көмекке мұқтаж кез келген ұлттың өкілін баурына баса білген дана, мейрімді халық. Президентіміз халқымыздың осындай игі қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіре отырып, ертеңгі болашағымызды жарқырата, еліміздің қуаттылығын арттыра түсті. Ел басы жолдауының да қасиетті құндылығы осында болар. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді және оны сақтап қалу үшін шыбын жанын аямайды. Қазақстан халқы қатер төнген сәттерде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқа­сында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің дербестігін, тәуелсіздігін сақтап, мемлекеттігін қалпына келтіре алғандығы белгілі. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – тату-тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен көркейіп өсуі. Қасиетті тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, «Мәңгілік елге» айналу әрбір Қазақстандықтың ең басты мұрат-мақсаты болып қалмақ.

Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбірлік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында да айтқан болатын. Онда: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деп ерекше атап өтілді. Иә, тәуелсіздік жылдарында дінге бетбұрушылар қатары едәуір көбейді. Мұның өзі егемен мемлекетіміздің бұл күрделі мәселеге үлкен маңыз беріп отырғанының жарқын көрінісі емес пе? Біздің еліміз сияқты көпұлтты қоғамда діннің әртүрлі ұлттардан құралған халықтың бірлігі мен татулығын сақтауда ерекше рөл атқаратынын, оның адамдарды мейірімділікке, ізгілікке баулитын имандылық мәнін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Қазақ өткенінен, тарихынан сабақ ала білетін халық. Сонау ХVII-XVIII ғасырлардың аралығында қазақтан «бірлік» қашып, елдің берекесі кеткені рас. Ондағы жағдайға тарихи себептер де жоқ емес. Ақырған аяз бен дүлей желге, ұры-қарыға бетпе-бет кездесіп, одан қалды шапқыншылармен алысып өскен қазақтың тұтас мемлекет, жауынгер ел дәрежесіне көтерілуі заман талабы еді. Сонымен қатар, орта ғасыр кезеңіндегі қазақтың үш этно-территориялық бірлестікке бөлінуі, қалыптасуы, табиғи географиялық факторға сай көшпелі өмір қарекеті, ру-тайпалық қатынастар халқымыздың жан дүниесіне өз әсерін тигізбеді деу қателік болар еді. Қазақты қырғынға ұшыратқан жоңғар шапқыншылығына сол кездегі қазақ данагөйлері мен зиялылары тек ұлттық бірлік арқылы төтеп беріп, жеңуге болатынын дер кезінде өздері ғана түсініп қоймай, ел басқарып, қол басқа­рып жүрген игі жақсыларға да түсіндіріп, олардың басын біріктіруге шешуші ықпал жасағаны белгілі. 1723 жылғы әйгілі «Ақ­та­бан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасі­реті сол тұста бөлшектенген хандықтар­дың, егер өздері бір ынтымаққа жүгініп, жүз, ру, тайпа болып бөлінген елдің басын біріктіре алмаса – қазақ ұлт ретінде тозып, жойылып кететіндігіне көз жеткізді. Әуелгі жеңістеріне масаттанған Қалдан-Сереннің жортуылшылары айналасы 2-3 жылдың көлемінде Арқа, Жетісу, Сыр, Жайық, Тобыл өңірлеріне еркін тайраңдап еніп-ақ кетті. Міне, осындай жағдайда 1726 жылы Төле бидің шақыруымен атақты Ордабасы тауына Арқадан Қаз дауысты Қазыбек би, Батыстан Әйтеке би бас қосып, бүкіл қа­зақ хандықтарын бір тудың астына бірік­ті­ріп, бір бас қолбасшы сайлау мәселесін қой­ып, шешкені, соның арқасында қазақ жау­ынгерлерінің ұлттық рухы көтеріліп, әс­кери дайындығы абаттанып, қаруларына қайрат, жігерлеріне қуат қосылып, жоңғар шап­қын­шылығына ойсырата соққы беріп, оларды Алатаудың Арқамен ұштасар тұ­сын­да Жоң­ғар қақпасынан шығысқа түріп тастағанын тарихи әдебиеттен жақсы білеміз.

«Ұлттық бірліктің» дұшпаны – бас басына би болу мен басшылардың өзімшілдігі. Қазақ хандығының күйреуі мен жойы­луы да ел атқамінерлерінің алауыздығы мен өзімшілдігінің салдары. Әрине, бұл жер­де патшалық Ресейдің отарлау сая­сатының ұтқырлығын да, зымияндығын да, пәрменділігін де естен шығармаған дұ­рыс. Соңғы 15 жылда жарияланған ғылы­ми-зерттеу еңбектерде бұл мәселе егжей-тегжейлі сарапталып келеді. ХХ ғасырдағы ұрандауы мен жарыл­қауы, күйреуі мен ұйымдасуы, қайшы­лығы мен қатері мол болған қитұрқы, екі­жүз­ді кезеңдерде қазақ зиялылары билік пен саясаттың «бөлшекте де билей бер» жобасының мейлінше құрбаны болды. Әсіресе, Голощекиннің жүргізген тәр­кі­леу, ұлтты аштықтан қыру, қара түнекті 37-ші саяси қуғын-сүргін жылдары – ин­тер­националдық бірлік ұранының қал­қа­сында ұлттық бірлік, тұтастық ұғымы күл-талқаны шығып, жойылды десек, артық айтқандық болмас. Осы қағидатты ұстану жолында бірнеше ұрпақ, миллион­даған адам тәрбиеленді. «Ұлттық, ұлт­шылдық» деген сөздер қылмыс дәрежесіне теңелді. «Ұлттықты» жою саясаты Ке­ңес Ода­ғы­ның соңғы сағатына дейін бұлжытпай жүргізілді.

«Ұлттық бірлік» ұғымын жоюдың Қа­зақстан үшін ең соңғы науқаны басшы­лық­қа Колбин келген 1986 жылдың жел­тоқ­санынан үдеді. Және оны үдетуге әй­гілі Желтоқсан көтерілісі де желеу болды. Өйткені, жастардың 1986 жылдың 16-17 желтоқсанында алаңға бейбіт мақсаттағы шерумен шығуы – ең алдымен ұлт намы­сы­ның белгісі еді. Жастардың нара­зылығы Орталықтың қазақ ұлтының на­мысына тиетін шешім қабылдауына қарсылығын білдірді. Сондай ой сол кезде әрбір қазақ­тың санасы мен жүрегінде болса да оны ашық айтуға батылы бар­мады. Ондай дерт өз ішімізде де болды. Іштей наразы болғанымызбен, булығып, іштен тындық. Жас­тар келіспеді. Жас қуат, жас жүрек өзі­нің тегіне – ұлттық бірлікке, ұлттық на­мысқа ұмтылды. Әуел баста сол кездегі тоталитарлық жүйенің қатыгез сойылына жығылып, қанаты қайырылса да, Жел­тоқ­сан көтерілісі жаңа заман, жаңа дәуірдегі қазақ ұрпағын ұлттық бірлік, ұлттық на­мыс­қа шақырған алғашқы тарихи тал­пыныс болды.

1986-1989 жылдар – республика өмі­рін­дегі қайшылығы мол, ең күрделі ке­зең­дердің бірі болды. Және сол кезең, бір жағынан, ұлттық сананың қайта жаң­ғы­рып, қайта оянуына түрткі болса, екінші жағынан, дәл осы тұста «Ұлттық бірлік» айрықша сынға түсті. Орталық билік бар мәселені «кадр саясатынан» бастады. Кол­бин келген күнге дейінгі бүкіл елдің еңбегі де, жетістігі де, бұрынғы басшылықтың сая­си бағыты да, іс-қимылы да қатаң сын­ға алынып, бәрі жоққа шығарылды. Әсі­ре­се, ұлт саясатына айрықша соққы беріліп, ең алдымен, қазақты қазаққа қарсы қою ісі «жатпай-тұрмай» жүргізілді. «Жершілдік» мәселесі алға шығарылып, «оң­түс­тік», «солтүстік» әңгімесі қазақ арасындағы қоғамдық пікірді теріс бағытқа бейім­деді. Ол «жұмыс» қазақ басшыларының қолымен жасалды. Басшы «кадрлар» (қызметкерлер), (сол кездегі лексикамен жазылып отыр) бірін-бірі әшкерелеуге, бә­рі жабылып, бұрынғы басшылықтың «күл-талқанын» шығарып, Мәскеудегі Ор­та­лық­қа жағынуға бәйгеге түскен аттай жа­рысып бақты. Қазақстандағы «интерна­цио­налист» басшылардың жеткізуімен СОКП Орталық Комитетінің арнайы секто­рында “ұлтшыл кадрлардың” тізімі жа­салды. Олар шетінен жауапқа тартылып, әртүрлі жаламен жұмыстан қуылып, партиядан шығарылып, не сөгіс беріліп, кейбіреуі түрмеге де жабылып жатты. 37-ші жылдың қаһары қазақ зиялыларының басына қайта төнді. 1989 жылы Г.Колбин кетіп, бас­шы­лық­қа Нұрсұлтан Назарбаев келіп, осы қуғын-сүргін тоқталып, қанды қылыш қай­тарылып, көзіміз ашылды. Бағымыз жан­ды. Арада аз уақыт – екі жыл кө­лемін­де бұрынғы Кеңес Одағы да құлап, Азаттық таңы да елімізге нұрын шашты.

Жалпы, біріге алмаған қазақ талай азапты күндерді бастан кешіргенін жоғарыдағы деректерден біле алдыңыздар. Өзінің халқына мұндай азапты күндерді қайтадан бастан кешуін тілемейтін Елбасы «Ұлттық бірлік» доктринасына байланысты үш сұрақ қоя отырып, оған өзі жауап берген болатын. Мәселен, «ұлттық бірлік деген не, неге бізге ұлттық бірлікті нығайту маңызды, ұлттық бірліктің негізі не болып табылады» деген сауалдарға көп адамның жауап іздейтіні белгілі. Ең алдымен, президентіміз Ұлттық бірліктің негізін құрайтын үш тұғыр: ортақ тарихымыз, барлық қазақстандық этностар үшін ортақ құндылықтар және ортақ болашағымыз екеніне кеңінен тоқталды. Бұл айтылғандар талас туғызбайды. Дегенмен ұлттық бірлік доктринасының төркіні мұнымен шектеліп қалмаса керек. Көрші Ресейде «Орыс доктринасы» қызу пікірталасқа түсіп барып әзірленді. Сол доктринаны оқып отырсақ, көпұлтты Ресейдегі доктринаның діттегені – орыс ұлтының қамы, «орыс социумын қалай көгертеміз» деген мәселе екен. Федеративті елде басқасы екінші қатарға ысырылған. Елбасы меңзеген ортақ тарих, ортақ құндылық, ортақ келешекті мемлекет құраушы ұлтпен байланыстырмау мүмкін емес. Өзге ұлт өкілдерімен ортақ тарихымыз отарлау дәуірінен басталады. Қазақтың тарихы тас дәуірімен, қола дәуіріндегі андронов мәдениетімен сабақтасып жатыр. Қазақ жерінен дәм-тұз бұйырған өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпағы ертеңін қазақтың келешегімен тығыз байланыста қарау керек. Өткен-кеткен тарихта өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға еріксіз департацияланғанын, отарлық режимнен зардап шеккенін өздері мойындайтынын ескерсек, қазіргі тәуелсіздік кезеңде сол баяғы отарлық жүйенің сарқыншақтарын атымен қабылдамауы, тәуелсіз елдің ұлттық құндылықтарын қадірлеуі керек. Сондықтан ұлттық бірлік доктринасын әзірлеуде қазақтың төл тарихы, ұлттық болмысы мен ерекшеліктерін ескергені жөн.

Қазақстанның «Ұлттық бірлігі» Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бәсекеге лайық алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің сапына көтерілу жөніндегі идеясында айрықша көрінбек. Бұл – біздің өміріміздің барлық жағын қамтитын жаңа үрдіс. Ол туралы жыл басында егжей-тегжейлі Президентіміздің халыққа Жолдауында да, одан кейінгі сөйлеген сөздерінде де үздіксіз айтылып келеді. Еліміздің ішкі дамуы, халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі – денсаулық, экономика, білім, ғылым, мәдениет, т.б. даму салаларының барлығында да біз дүние жүзіндегі ең озық, жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізуді мақсат еттік. Аталмыш бағдарлама аясында көптеген жаңа технологиялық өндіріске, жаңа ізденіске жол ашылмақ. Сол арқылы жас­тардың кәсіптік білім дәрежесін көтеріп, оларды даму керуеніне еркін араластыру көзделуде. Экономиканы тек қана мұнай, металл, шикізат өнімдерімен ғана шек­темей, оның көп салалығына күш, қаржы салынбақ. Жұмыссыздық пен кедейшілікті жою мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікке жол ашылу қажеттігі осы жолда жаңа мазмұнға ие болмақ. «Ұлттық бірлік» идеясының негізгі новелласы – осы биік мақсатқа жұрттың айрықша сезіммен жұмылдырылуында болса керек. Бәсекелестікке қабілеттілік ұраны, әри­­не, ең алдымен жастарымызға арнал­ған. Болашақ ұрпақтың дені сау, санасы биік, қайраты, қажыры мол, білімі шы­мыр, терең болуы – ұлттық намы­сы­мыз­дың қорғаны. Президентіміз 30 елдің қата­рына ену бағдарламасының басты көр­сет­кіші ретінде жалпы ішкі өнімді таяу жылдары екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Мұндай көрсеткішке бүкіл ха­лық­тың бірлікте атқарған жұмысы арқылы ғана жететініміз белгілі. Оған ел бо­лып жұ­мылып, ұлт болып біріксек, мәселе болмайды. Осы игі мақсаттардың барлығы да на­мыс, жалпыұлттық ынтымақтастық болған жерде жүзеге аспақ. Бұл – біздің жаңа са­па­мыз. «Ұлттық бірлік» мықты болса, Тәуел­сіздік тұғыры да мызғымастай мықты.


Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу: