Мектепті діни ағымдардың ортасына айналдырмауымыз керек – Қошанов

13 Қыркүйек 2023, 13:00 2765

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мектепте оқушылардың хиджаб кию мәселесіне қатысты кулуарда журналистердің қойған сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Шынында да, бұл мәселе бойынша алуан түрлі пікір айтылып жатыр. Бірақ біз зайырлы мемлекетпіз. Заңымызда бұл мәселенің бәрі көрсетілген. Конституция бойынша дін бостандығы бар. Өзінің діни рәсімдерін атқарамын деген азаматтарға мешіт пе, шіркеу ме, өзінің діни орталықтарына барып, діни рәсімдерін өткізуге мүмкіндіктері бар. Ал мектепке келетін болсақ, мектепті біз саяси немесе діни ағымдардың ортасына айналдырмауымыз керек. Білім ордасында тек білім берілуі керек. Сол себепті оқушыларды, оқытушыларды басқа мәселеге алаңдатпауымыз қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ төраға өз сөзінде министрліктің заңы бойынша қандай форма киетіні туралы стандарттар бар, сол стандартты ұстану керек деп айтты.

Балалар өздері кәмелет жасқа жеткенде, олар қандай жолмен жүретінін өздері таңдайды, – деп қосты Ерлан Қошанов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: