Мектептерде қаржылық сауаттылық туралы пәндер пайда болады

2 Қыркүйек, 12:25 704

«Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында осылай айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы орайда қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру мәселесі әлі де өзекті екені сөз болды.

Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаржылық сауаттылыққа арналған бағдарламаны мектеп оқушыларына де енгізу керектігін тапсырды.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауы тиіс, - деді ол.

Тоқаев қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.

Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: