Мектептерде Абайдың «Толық адам» ілімі бойынша тәрбие жұмысын жүргізу керек - депутат

9 Маусым 2023, 13:07 1497

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Жайлы мектеп» және «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобаларын іске асыру барысы» туралы талқылау жүріп жатыр. Депутат Жұлдыз Сүлейменова жобаға қатысты өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжіліс депутаты «Жайлы мектеп» жобасының негізгі екі мақсаты – оқушы орнының тапшылығын шешу және мектептердегі білім беруді сапасын көтеру екенін айтып, үш мәселеге тоқталып өтті.

Бірінші, Алматы облысы мен Түркістан облысы. Демографиялық өсімі жоғары, халқы тығыз орналасқан және үш ауысымды мектептер өте көп. Оқушы орнының тапшылығы қатты сезілетін осы екі өңірдегі құрылыстың толыққанды аяқталуына «Samruk-Kazyna Construction» ұйымы мен Оқу-ағарту министрлігі мүдделі деп ойлаймыз. Біз үш мәселеге тоқталып өткіміз келеді. Бұл жалпы біздің тәуелсіздік тарихымыздағы мектептің құрылыстары мен сапасы жөнінен тарихи шешім болғалы тұр. Құрылыстың сапалы жүзеге асырылуы мен уақытылы аяқталуы және дер кезінде эксплутацияға берілуіне қатысты біз «Қоғамдық бақылау» заң жобасының аясында осы жобаны енгіздік. Сондықтан бүгінгі таңда қоғамдық бақылау субъектілері 3 формада қоғамдық талқылау, экспертиза және мониторинг жүргізе отырып, осы «Жайлы мектеп» жобасының құрылысының сапасының дер кезінде жүзеге асырылуына өздері де жауапкершілік таныта алады, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, екінші мәселе - білім беру процесінің ұйымдастыру бағыттары. «Жайлы мектептің» материалдық шарт жағдайы жоғары болатыны ұлттық жобада нақты айтылып отыр. Бірақ қолданыстағы Білім және ғылым министрлігінің 70-бұйрығына өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Біріншіден, зертханалардың, оның ішінде ауылдық өңірде ашылатын 183 мектептің зертханаларын жыл сайын қамтамасыз етуде қиындық туындамас үшін біз виртуалды, онлайн зертханаларды кеңінен қолдану мәселесінде бұйрыққа өзгеріс енгізу керек деп ойлаймыз, - деді депутат.

Сондай-ақ депутат мектептерде Абайдың «Толық адам» ілімін жүзеге асыратын тәрбие жұмысы концепциясын қолға алуды ұсынды.

Үлкен мәселе – тәрбие жұмысы. Жайлы мектеп дегеннен кейін бұл жердегі психологиялық, педагогикалық, тәрбие жұмысы жаңа жүйеде жүзеге асырылуы қажет. Біз ата-аналар мектепте өздерінің қолайлы ортасы қалыптасқан білім беру жүйесі болатынын қалаймыз. Осы ортада Абайдың «Толық адам» ілімін жүзеге асыратын тәрбие жұмысы концепциясын Оқу-ағарту министрлігінен күтеміз, - деп мәлім етті депутат.

Жалпы жоба аясында 218 мектеп қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. Мәжілісмен мектептердегі кадр мәселесі де өзекті екенін түсіндірді.

Үшінші мәселе – кадрлық қамтамасыз ету. Жалпы Оқу-ағарту министрлігінің мектептердегі штаттық кестені бекіту туралы 77-бұйрығы бар. Ол жердегі психолог-педагогтардың, әлеуметтік-педагогтардың қамтамасыз етілуі 30 сынып аясында жүзеге асырылады. Бірақ бүгінгі таңда салынатын 2500 баласы бар жайлы мектепті қарайтын болсақ, сыныптардың комплектісі 2 ауысымда 200 сыныпты қамтуы мүмкін. Сол үшін біз кадрлық қамтамасыз етуді, оның ішінде 2-3-4 кіреберісі болатынын, тамақтанатын жері, бастауыш сынып пен жоғары сынып екі блокта оқитынын қарайтын болсақ, онда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бұйрыққа өзгеріс енгізу керек, - деді депутат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: