Мектептегі қауіпсіздік күзет пен бейнебақылау арқылы шешіле салмайды - депутат

30 Мамыр 2023, 18:10 1410

Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептердегі қауіпсіздік бойынша тиісті органдардың жұмысы өз деңгейінде қамтылмағанын айтты. Ол мемлекеттік органдар жұмыстарына немқұрайлы қарауға болмайтынын ескертті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, мектептегі, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім беретін мекемелердегі қауіпсіздік мәселелері күзет пен бейнебақылау арқылы шешіле қоймайды. 

Қауіпсіздік дегеніміз – өте кешенді, қоғамды да, отбасыны да, мұғалім мен педагогикалық қауымдастықты, оның ішінде біздің балаларымызды қамтиды. Сондықтан бүгінгідей дайындалып келіп, тек күзетпен шектелгеніміз, шынын айтқанда, саланы қарап, саясатты анықтап, белгілеп отырсыздар, бірақ мұндай немқұрайлықпен қарауға болмайды, - деп айтты Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат соңғы 5 жылда көп шаруа атқарылғанына қарамастан қауіпсіздік мәселесі түбегейлі шешілмегенін айтты.

Соңғы 5 жылда біз көпнәрсе жасадық. Иә, бейнебақылауды енгіздік. Көптеген республикалық маңызды мектептерге бейнебақылау орнатылды. Оны Ішкі істер министрлігінің полиция бөлімшесімен де қосып қойдық. Бірақ соған қарамастан қауіпсіздік мәселесі өздігімен шешіліп қойған жоқ. Сондықтан бірінші мәселе – тәрбиеге қатысты. Оқу-ағарту министрлігінің өкіліне баса назар аударамын. Бүгін үшінші рет сіздің тарапыңыздан Тәрбие нұсқаулығы туралы естіп отырмын. Мәжіліс депутаттары ретінде сол нұсқаулықпен қашан танысамыз? Механизмдерін қашан талқылаймыз, - деді депутат Сүлейменова.

Одан кейінгі өзекті мәселелердің бірі - педагог лауазымдарының нұсқаулығы. Соның 5-параграфының 6-тармақшасында мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі лауазымға 3 жылдық еңбек өтілі бар және педагог-шебер, педагог-зерттеуші деген деңгеймен өтуі қажет. 

Педагог-шебер және педагог-зерттеуші ешқашан директордың орынбасары болып бармайды. Біріншіден, оның жұмысы көп. Айлығы аз. Ол педагог-зерттеуші болып жүре береді. Сондықтан бұл жерге өзгеріс енгізу қажет. Біріншіден, 3 жыл емес, бәлкім 2 жыл және педагог-модератор немесе педагог. Өйткені, ол университеттен тәрбие жұмысы бойынша жанып келген қаншама жастарымыз жүр. Педагог-зерттеушісін алам дегенде уақыт өтеді, алғаннан кейін ол лауазымға бармай қалады. Осы дүниеге назар аударуыңызды сұраймын, - деп нақтылады депутат.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының лицензиясына қатысты мәселені көтерді. 

Бүгінгі таңда жекеменшік не мемлекет меншігіндегі балабақшаларды лицензиялаудың өлшемшарттары қай деңгейде? Өйткені, бұл – балалардың қауіпсіздігіне байланысты. Біраз бизнес иегерлері қатты шулады. Бірақ, бізге қауіпсіздік пен оның өлшем шарттары қажет, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Мәжілісмен зияткерлік мектептердегідей жоғары болмаса да, орта немесе минималды стандарттарды енгізу маңызды екенін баса айтты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: